Президент 2027 жылғы мемлекеттік бюджет пен экономикалық саясаттың басым бағыттарына арналған жиын өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджеттің нысаналы көрсеткіштері, негізгі макроэкономикалық болжамдар және бюджет-салық саясатының басым бағыттары жөнінде жиын өткізді.
Жиында айтылғандай, биыл жыл соңына дейін ел экономикасы кемінде 8 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 200 миллиард доллардан, ал жан басына шаққандағы табыс 5,2 мың доллардан асады деп күтілуде.

Қол жеткізілген нәтижелер экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтуге берік негіз қалыптастырып отыр. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін 300 миллиард долларға, ал алдағы он жылда жан басына шаққандағы табысты 10 мың долларға жеткізу көзделген.

Конституцияда Өзбекстанның әлеуметтік мемлекет екені бекітіліп, адам, оның өмірі мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде танылған. «Адам қадірі үшін» деген ізгі қағида Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан барлық реформаның басты бағдарына айналды. Өйткені экономикалық дамудың түпкі мәні, ең алдымен, оның нәтижесі әр адамның, әр отбасының өмірінен көрініс табуы, халықтың әл-ауқатының артуы, сапалы білім мен медициналық қызмет алу мүмкіндіктерінің кеңеюі және лайықты тұрмыс жағдайының жасалуымен өлшенуге тиіс.

Мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік бағдарын келесі жылы да сақтау осы басым мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталады.

Атап айтқанда, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы реформаларды қаржыландыруға жалпы 176 триллион сумға жуық қаражат бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде білім саласына 114,3 триллион сум (өткен жылмен салыстырғанда 14 триллион сумға көп), ал денсаулық сақтау саласына 61,4 триллион сум (өткен жылдан 12 триллион сумға артық) қаражат қарастырылған.

Сонымен қатар өңірлер мен махаллалар инфрақұрылымын жақсартуға, халықты жұмыспен қамту мен табысын арттыруға, адам капиталын дамытуға және әлеуметтік қорғауды күшейтуге 70 триллион сум бөлу көзделіп отыр.

Әлеуметтік міндеттемелерді тұрақты қаржыландыру үшін экономика өсімін жылына кемінде 7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, қолда бар резервтер мен жаңа технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Осыған орай келесі жылдан бастап экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу, әрбір салада қосылған құны жоғары өнім өндіру, еңбек өнімділігін арттыру, экспорт әлеуетін кеңейту және жоғары табысты жұмыс орындарын көбейту негізгі міндеттер ретінде белгіленіп отыр.
Жиында ұзақ мерзімді жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдер де қаралды. Халықаралық тәжірибе тұрақты дамудың негізгі факторлары экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті өндіріс, технологиялар трансфері, инвестиция тиімділігі, макроэкономикалық тұрақтылық және экономикалық саясаттың өзгермелі жағдайларға бейімделе білуі екенін көрсетеді.
Осыған байланысты экономикалық өсудің жаңа моделінің негізін заманауи өнеркәсіп саясаты құрауы тиіс. Бұл саясат жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшуге, озық технологияларды тартуға, ұлттық кәсіпорындардың халықаралық өндірістік тізбектерге интеграциялануын күшейтуге және экспорт құрылымын әртараптандыруға бағытталған.
Атап айтқанда, химия және мұнай-химия, машина жасау, электротехника, тоқыма, фармацевтика және басқа да келешегі зор өнеркәсіп салаларын жедел дамытуға арналған жаңа стратегия әзірленіп жатыр.
Жаңа өнеркәсіп саясаты аясында басым бағыттардың әрқайсысына ірі халықаралық компаниялар мен танымал брендтерді иеленетін инвесторларды тарту, заманауи өнеркәсіп аймақтарын құру, жергіліктендіру деңгейін тереңдету және кәсіпорындардың технологиялық әлеуетін арттыру жоспарлануда. 2027 жылы келешегі зор әрбір салаға кемінде 2–3 ірі инвестор тарту көзделген.
Сонымен қатар жартылай өткізгіштер, робототехника, биотехнологиялар, электромобильдерге арналған жоғары технологиялы құрамдас бөлшектер мен аккумуляторлар өндірісі секілді жаңа бағыттарды игеруге айрықша назар аударылуда.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық брендтерді тарту, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау, сондай-ақ бәсекеге қабілетті ұлттық өндірушілерді дамытудың жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылып отыр.
Экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық реформаларды жүйелі түрде жалғастыру да маңызды. Осы бағытта мемлекеттік кәсіпорындар мен банктерді трансформациялау, жекешелендіру үдерістерін жеделдету, энергетика және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, адам капиталын дамыту және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту үдерісін аяқтау басым міндеттер ретінде белгіленді.
Бұл ретте мемлекеттік инвестицияларды жеке капиталға қолайлы жағдай жасауға бағыттау, экономикалық өсімді қаржыландырудың заманауи тетіктерін қалыптастыру және инвестициялардың экономикалық тиімділігін арттыруға ерекше мән беріледі.
Жиында 2027 жылға арналған негізгі макроэкономикалық болжамдар қаралды.
Есептеулерге сәйкес, 2027 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 232 миллиард долларға жетеді деп болжанып отыр.
Сонымен қатар инфляция деңгейін 2027 жылы 6 пайызға, ал 2028–2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендету, алтынды есептемегендегі экспорт көлемін 2027 жылы шамамен 40 миллиард долларға жеткізу көзделген.
Таныстырылым барысында 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджет кірісін 416 триллион сум, ал шығысын 464 триллион сум көлемінде белгілеу жоспарланып отырғаны айтылды. Бюджет жобасы экономиканың 7 пайыздық өсімі туралы болжам негізінде қалыптастырылуда.
Әлемдегі геосаяси және экономикалық белгісіздік жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, келесі жылы инфляция деңгейін 6 пайыздан асырмау, жалпы фискалдық тапшылықты жалпы ішкі өнімге шаққанда 3 пайыз шегінде сақтау маңызды міндет ретінде белгіленді.
2027 жылы да негізгі салық мөлшерлемелерін өзгеріссіз қалдыру көзделіп отыр. Мұндай жағдайда бюджет кірісін арттырудың негізгі көздері экономикалық белсенділікті ынталандыру, салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, сондай-ақ салық және кеден әкімшілігін жетілдіру болмақ.
Осыған байланысты цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы салық және кеден түсімдерін қосымша арттыру, кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі ашық орта қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер белгіленді.
Мемлекет басшысы бюджет шығыстарының әрбір сумы нақты нәтиже беруі керектігін атап өтті. Осыған орай қаражатты мақсатты бағыттау, тиімсіз шығындарды қысқарту, мемлекеттік инвестициялар мен субсидиялардың тиімділігін арттыру, бюджет тәртібін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Атап айтқанда, инвестициялық бағдарлама аясындағы құрылыс жобаларында бюджет қаражатының жұмсалуын толық бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық қадағалау жүйесін сынақтан өткізу міндеті жүктелді.
Жиында экономикалық өсімді қаржыландырудың жаңа тетіктері де талқыланды. Банк жүйесінде жеке капиталдың үлесін кеңейту, кредит ресурстарын ұлғайту, инвестициялық жобаларды қаржыландыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндіктерін пайдалану және халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Жауапты тұлғаларға 2027 жылы 65 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту бойынша салалар мен өңірлер бөлінісінде нақты жоспарлар әзірлеу тапсырылды.
Жиында айтылған пікірлер мен ұсыныстар негізінде 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасының негізгі бағыттары айқындалды.
Заңнамаға сәйкес, бұл жоба және оның орындалуын қамтамасыз ету шаралары жергілікті кеңестерде талқыланып, кейін Олий Мажлис Заң шығару палатасына жіберіледі.