Өзбекстан Президенті Түркия Вице-президентін қабылдады
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 19 қараша күні Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу барысында жоғары мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Тараптар Өзбекстан мен Түркия арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Соңғы жылдары екіжақты байланыстардың қарқынды дамып, өзара сауда көлемі мен бірлескен кәсіпорындар санының тұрақты артып келе жатқаны атап өтілді.
Әсіресе, Бизнес ынтымақтастығын қолдау жөніндегі жоғары деңгейлі кеңестің құрылуы және бүгін Ташкентте оның алғашқы отырысы аясында жаңа инвестициялық жобалар мен сауда келісімдеріне қол жеткізілуі, сондай-ақ 200-ден астам жетекші компания мен кәсіпкердің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылғаны жоғары бағаланды.

Кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыру және алдағы маңызды іс-шараларға тыңғылықты дайындық жүргізу жөнінде де пікір алмасты.