Өзбекстан Президенті ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 9 қазанда Түркіменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты.
Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің төрағалығымен өткен саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев те қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде барша қатысушыны айтулы дата – Достастықтың 35 жылдығымен құттықтап, болып жатқан өзгерістерге қарамастан, елдеріміз бен халықтарымызды тығыз адами байланыстар, ортақ тарих және ынтымақтастықтың зор әлеуеті біріктіріп отырғанын атап өтті.
– Бүгінде әлем түбегейлі өзгеріп жатыр. Қайшылықтар күшейіп, дәстүрлі экономикалық байланыстар қайта құрылуда. Мұндай жағдайда сенімді нығайту, ұстанымдарды жиі үйлестіріп отыру және уағдаластықтарымыздың нақты нәтиже беруіне қол жеткізу айрықша маңызды, – деді Өзбекстан Президенті.
Экономикалық интеграция мен өндірістік кооперация тұрақтылық пен дамудың негізгі тіректерінің бірі болып қала беретіні атап өтілді.

Сауда-инвестициялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланып, қарапайым тауар алмасудан қосылған құны жоғары өнім өндірудің толық тізбектерін бірлесіп құруға кезең-кезеңімен көшу қажеттігі айтылды.
Бұдан кейін еліміздің көшбасшысы бірлескен күш-жігерді жұмылдыру қажет болатын бірнеше басым бағытты атап өтті.
Ең алдымен, техникалық кедергілерді жою, сәйкестік сертификаттарын өзара тануды қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту арқылы Еркін сауда аймағының шектеусіз әрі толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігіне назар аударылды.
Экономикалардың тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде азық-түлік қауіпсіздігінің айрықша маңызға ие екені атап өтілді.
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік сатып алу саласында нарықтарды өзара ашуды кеңейту туралы келісім мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қысқа мерзімде келісіп, бекіту орынды екені айтылды. Елдер нарығындағы ахуалды алдын ала болжау мүмкіндіктерін кеңейту үшін азық-түлік пен тыңайтқыштар экспортына шектеу енгізер алдында өзара хабарлау және консультациялар өткізу тетігін енгізу ұсынылды.

Өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктерді біріктіру және өзара инвестиция көлемін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастыққа қызығушылығы жоғары екені атап өтіліп, осы бағытты одан әрі дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтардың қызметін қолдауға арналған «жол картасын» қысқа мерзімде келісу қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы көлік қатынасы мәселесіне де арнайы тоқталып, интеграцияланған логистикалық орталықтар құруды, транзиттік шығындарды едәуір қысқартуды, жүк тасымалы ережелерін біріздендіруді және ТМД-ның бірыңғай көлік ақпараттық жүйесін қалыптастыруды қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ Түркіменстанның 2029 жылды Достастықтың көлік байланысы жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдады.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдағы онжылдықтарға арналған ұзақ мерзімді болжамның қажеттігі атап өтілді.
– Бұл энергияның маусымдық артықтығы мен тапшылығы қай жерде және қашан туындайтынын, қандай салаларды дамыту қажет екенін, сондай-ақ гидроэнергетиканы, жылу энергиясын өндіруді және жаңартылатын энергия көздерін қалай барынша тиімді үйлестіруге болатынын нақты түсінуге мүмкіндік беруі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Климаттың өзгеруіне байланысты мәселелер де қозғалды.
– Бұл бағытта үйлестірілген әрі нақты шешімдер қажет. Біз көміртегі шығарындылары аз технологияларды жедел енгізуді және тұйық циклді өндірістерді дамытуды қолдаймыз, – деді Өзбекстан Президенті.
Бірлескен күш-жігерді жұмылдыру мақсатында ТМД-ның ресурстарды тиімді пайдалану және айналмалы экономика саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын әзірлеу ұсынылды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар Достастық елдері мен халықтары арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудың берік негізі екені атап өтілді.
Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қызмет аясын кеңейту арқылы осы бағытты одан әрі дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар екені айтылды.
Жаңа технологиялардың ықпалымен қарқынды өзгеріп, қазіргі экономиканың дербес әрі маңызды саласына айналып келе жатқан креативті индустрияларға ерекше назар аудару ұсынылды.
Осыған байланысты «Мәдени саясат және креативті индустриялар» форумын ұйымдастыру бастамасы көтерілді.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің қатарында бүкіл әлемде ауқымы жылдам өсіп келе жатқан киберқылмыс мәселесі де ерекше атап өтілді.
– Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық азаматтар мен бизнеске елеулі зиян келтіріп қана қоймай, елдеріміздің қаржы жүйелерінің тұрақты жұмысына қауіп төндіріп отыр, – деді Өзбекстан басшысы.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлері кеңесіне трансшекаралық киберқылмыстар мен алаяқтық схемаларына жедел ден қою мақсатында ТМД-ның Бірлескен байланыс орталығын құру жөніндегі кешенді шараларды қысқа мерзімде әзірлеу тапсырмасын беру ұсынылды.
Сөзінің соңында Президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның келесі жылы ТМД-ға төрағалықты қабылдауға және Достастықты дамыту жолында тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке қонақжайлығы мен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Жиын барысында Достастыққа мүше басқа елдер делегацияларының басшылары да сөз сөйледі.