Өзбекстан Президенті Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикерімен кездесті
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында 15 қыркүйекте Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті.
Кездесуде Өзбекстан мен Корея арасындағы ерекше стратегиялық серіктестік қатынастарды ілгерілетуде екі ел парламенттерінің маңызды рөл атқарып отырғаны атап өтілді.


Парламентаралық «достық топтары» белсенді жұмыс жүргізіп, парламент делегацияларының тұрақты сапарлары ұйымдастырылуда. Заң шығарушы органдардың тиісті комитеттері арасында тиімді тәжірибе алмасу жолға қойылған.


Ұлттық Ассамблея мен Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің қос палатасында «Электронды парламент» жобасы жүзеге асырылуда.


Жоғары деңгейде қол жеткізілген, ең алдымен, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған келісімдердің орындалуын парламенттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық тетігін қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.



Кездесу соңында 2027 жылы Өзбекстан мен Корея арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 35 жыл толуына орай «парламенттік дипломатия» бағыты бойынша бірқатар іс-шара өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.