Өзбекстан Президенті Корея Экспорт-импорт банкінің төрағасымен кездесті
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Корея Экспорт-импорт банкінің төрағасы Хван Ки Ёнмен кездесу өткізді.
Кездесуге Корея Геология және минералдық ресурстар институтының президенті Квон И Гюн мен Корея Сирек металдар институты директорының орынбасары Бум Сун Ким де қатысты.

Кездесуде денсаулық сақтау, фармацевтика, маңызды материалдар, білім беру және көлік салаларында банк пен оның қорларымен көп жылдан бері тиімді ынтымақтастық орнатылғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы ынтымақтастық жөніндегі құны 8 миллиард доллар болатын жаңа бағдарламаның қол қойылуын қолдады. Сондай-ақ жоғары жылдамдықты пойыздарды жеткізу, Биологиялық орталық құру, маңызды минералдарды өңдеу және цифрлық технологияларды дамыту жөніндегі жобаларды жеделдету мәселелері қаралды.

Арал маңы өңірінде Қыз-келіншектер кәсіпкерлігі орталығын ашу, сондай-ақ Ташкент – Самарқанд бағытында жаңа теміржол салу жобасына Кореяның қаржы институттары мен компанияларын тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар стратегиялық маңызды минералдар саласындағы жобаларды қаржыландыру жөніндегі бірлескен қордың іске қосылғанын атап өтті.

Жартылай өткізгіштер мен жаңа материалдарды әзірлеу және сынақтан өткізу орталығын құру мәселесін зерделеу ұсынылды.
Бұл жобаларға Корея Геология және минералдық ресурстар институты мен Корея Сирек металдар институтының белсенді қатысуын қамтамасыз етудің маңыздылығы сөз болды.