Орталық Азиядағы алғашқы люкс туристік пойыз жобасы бойынша келісімге қол қойылды
Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында Өзбекстанның туризм индустриясы үшін тарихи маңызы зор қадам жасалды. Елдің туристік тартымдылығын жаңа деңгейге көтеру, туристердің саяхатын мазмұнды ету жолында Орталық Азиядағы алғашқы люкс санатындағы туристік пойыз – «Самарқанд Экспресс» жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылды.
Стратегиялық құжатқа Италияның Arsenale International компаниясының бас директоры Раффаэле Брески, Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қоры төрайымы Гаяне Умерова және Өзбекстан темір жолдары басқарма төрағасының бірінші орынбасары Хикматулла Рахметов қол қойды.

Бұл жоба Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысы мен Ташкент халықаралық инвестициялық форумында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі келісімдердің нақты нәтижесі болып саналады. Жоба аясында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және елдің бірегей мәдени мұрасын әлемге кеңінен таныту көзделген.
Жаңа сән-салтанатты пойыз Өзбекстанның көне әрі көрікті қалалары – Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуаны біртұтас теміржол бағытымен байланыстырады. Бұл халықаралық туристерге Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттарымен және сәулет өнерінің жауһарларымен жоғары деңгейдегі қызмет пен жайлы жағдайда танысуға мүмкіндік береді.

«Самарқанд Экспресс» пойызы заманауи италиялық дизайн мен жоғары сапалы сервис дәстүрлерін үйлестіретін болады. Сонымен қатар жобаның маңызды ерекшелігі – пойыз интерьерінде Өзбекстанның бай мәдени мұрасы, ұлттық қолөнер үлгілері мен дәстүрлі өрнектері кеңінен көрініс табады. Бұл шетелдік қонақтарға сапар барысында елдің мәдениетін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жоба шеңберінде жоғары деңгейлі қонақ үй қызметтерін көрсетуге маманданған жергілікті кадрларды даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және теміржол туризмі саласына халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған.
Бұл бастама тек Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріндегі теміржол круиздері саласының дамуына серпін беріп, елдің жаһандық туризм нарығындағы орнын одан әрі нығайтады. «Самарқанд Экспресс» пойызының алғашқы рейсі жақын арада жолға шығады деп күтілуде.