Финляндия ядролық қаруға қойылған тыйымды алып тастады
Финляндия өз аумағында ядролық қаруды орналастыруға қойылған тыйымды алып тастады. Тиісті шешім 17 маусым күні Финляндия парламенті тарапынан қабылданды.
Тыйымды жою туралы бастаманы 125 депутат қолдап дауыс берсе, 61 парламентарий қарсы шықты. Қабылданған құжат ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету қажеттілігі туындаған жағдайда Финляндия аумағына ядролық қаруды әкелуге, тасымалдауға, жеткізуге және сақтауға мүмкіндік береді.
Үкімет өкілдері бұл шешім ел аумағында ядролық оқтұмсықтарды тұрақты негізде орналастыруды көздемейтінін атап өтті.
Финляндияның Қорғаныс министрі Антти Хяккяненнің айтуынша, ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістер мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтіп, НАТОның ядролық тежеу әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді.
Министр бұл қадамды Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының күрделенуі жағдайында қабылданған қажетті шешім ретінде бағалады.