Мемлекет басшысы заманауи фармацевтика кәсіпорнының жұмысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев «RomPharm NS» дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорнына барды.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 қаңтардағы «Фармацевтика саласын жедел дамытуға қатысты қосымша шаралар туралы» шешімі осы саладағы өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтіп, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беруде.

Ташкент қаласының «Алмазар» ауданында жұмыс істейтін «RomPharm NS» дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар назар аударуға тұрарлық.

Кәсіпорынның негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету және импортты алмастыратын дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін ұлғайту. Алдағы уақытта жылдық өндірістік қуатты 1 миллиард таблеткаға, 500 миллион капсулаға және 120 миллион сашеге жеткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын толық өндірістік циклі мен Еуропалық одақтың GMP стандарттары негізінде ұйымдастырылған бақылау зертханасы бар Орталық Азиядағы алғашқы кешендердің бірі саналады.

Жобаның жалпы құны 45 миллион еуроны құрайды. 1,7 гектар аумақта орналасқан кәсіпорында 150 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндіріс процесінің 90 пайызы автоматтандырылған. Заманауи құрал-жабдықтар Италия, Германия, Австрия, АҚШ, Швейцария және Болгариядан әкелінген.

Мұнда өндірілетін өнімдер импортты толық алмастыруға бағытталған. Негізгізінен неврология, кардиология, метаболизм процестері және қабынуға қарсы бағыттарда қолданылатын дәрі-дәрмектерді өндіруге назар аударылған.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында заманауи технологияларға негізделген өндірістік қуаттарды кеңейту, ішкі нарықты сапалы фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Негізгі мақсат импортқа тәуелділікті азайтып, салада жаңа жұмыс орындарын ашу екені айтылды.
Осы жерде Мемлекет басшысына кәсіпорын қызметін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлар таныстырылды.