Мемлекет басшысы Бұхара облысының әлеуетін толық пайдаланып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев Бұхара облысында жүзеге асырылып жатқан реформалардың тиімділігі, өңірдің экономикалық әлеуетін ұтымды пайдалану және алдағы басым міндеттерге арналған жиналыс өткізді.
Бұхара облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салаларында қарқынды өсім көрсетіп келеді. Өңірде екі ірі мұнай-газ химия кешені жұмыс істеп тұрса, тағы бір ауқымды жоба іске асырылу үстінде. Сонымен қатар, жалпы қуаты 4,5 гигаваттқа тең, құны 5,2 миллиард доллар болатын 10 ірі күн және жел электр станциясының құрылысы жедел жүріп жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім 7,2 пайызға өсіп, 86,6 триллион сумға жетті. Өнеркәсіпте 7,1 пайыз, ауыл шаруашылығында 4,3 пайыз, ал қызмет көрсету саласында 14 пайыз өсім тіркелді. Әлеуметтік көрсеткіштер де жақсарып, жұмыссыздық 2024 жылға қарағанда 4,7 пайызға дейін, кедейлік деңгейі 6 пайызға дейін төмендеген.

Жиында Бұхара обоысының 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мақсатты көрсеткіштері жан-жақты сараланып, алдағы басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, өңірлік жалпы өнімді 102,1 триллион сумға жеткізіп, 9,1 пайыз өсімге қол жеткізу, өнеркәсіпті 9,1 пайызға, ауыл шаруашылығын 5,9 пайызға, ал қызмет көрсету саласын 20,1 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін 2 пайызға дейін қысқартып, 381 мыңнан астам тұрғынның табысын арттыру көзделген.
Осыған орай Бұхара және Когон қалалары, сондай-ақ «Олот», «Пешку», «Қаракул», «Шафиркан», «Ғиждувон» мен «Қарауылбазар» аудандарын әлеуметтік тұрғыдан дамыған аймақтарға айналдыру бойынша нақты шаралар қолға алынбақ.
Мемлекет басшысы Бұхараның үш мың жылдық тарихы бар бірегей рухани орталық екенін, мұндай бай мәдени мұра мен тарихи ескерткіштер шоғырланған шаһарлар әлемде сирек кездесетінін атап өтті. Сондықтан осы әлеуетті экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға тиімді пайдалану қажеттігі баса айтылды.

Инвестиция және экспорт бағытында 2026 жылы 3,3 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестицияны игеру, 1,5 миллиард долларлық экспортқа қол жеткізу және жалпы құны 9,2 миллиард долларды құрайтын ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті жұктелді.
Өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне айрықша мән берілді. Атап өтілгендей, салалар бөлінісінде жалпы құны 2,2 миллиард долларды құрайтын 61 ірі жоба қалыптастырылған. Бұл бастамалар нәтижесінде 18 мың жаңа жұмыс орны ашылып, облыс бойынша жан басына шаққандағы өнеркәсіп көлемін 25,6 миллион сумнан 29,6 миллион сумға дейін арттыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, «Когон» ауданында жылына 80 мың электр және гибрид автокөлік шығаратын зауыт салу көзделген. Құны 350 миллион доллар болатын бұл жоба 500 жаңа жұмыс орнын ашады.
Сонымен қатар, «Бухара» ауданында пиролизді қайта өңдеу арқылы бензол, толуол, ксилол, пентан, гексан, битум және кальций хлорид өндіретін құны 220 миллион долларлық жоба іске қосылады. Сондай-ақ, «Қарауылбазар» ауданында 85 миллион долларлық жоба негізінде АИ-91 және АИ-92 маркалы бензин өндірісін кеңейту, ал «Когон» ауданында қағаз және картон өнімдерін өндіру жолға қойылады.
Бұдан бөлек, «Қарауылбазар» ауданында жылына 100 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіру, «Когонда» гипсокартон өндірісін ұлғайту жобалары да талқыланды.

Өңірдің индустриялық әлеуетін арттыру мақсатында 61 өндірістік аймақтағы бос жерлерде жаңа кәсіпорындар орналастырудың басым бағыттары белгілі болды. Атап айтқанда, Бұхара қаласы мен «Бұхара» ауданында азық-түлік және жиһаз өндірісі, «Вобкентте» былғары және жеңіл өнеркәсіп, «Когон» мен «Қарауылбазарда» мұнай-химия, «Шафиркан» мен «Пешкуде» фармацевтика және азық-түлік, ал «Ғиждувон» ауданында құрылыс материалдары өндірісіне басымдық беріледі.
Ауыл шаруашылығында заманауи жер пайдалану технологиялары мен тиімді ирригациялық жүйелерді енгізу арқылы 100 мың гектар жаңа жерді игеру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бастама өңір экономикасын жандандырып қана қоймай, оның экспорттық әлеуетін де айтарлықтай арттырмақ.
Жиында облыстағы 3 миллион гектар жайылымды тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту және жем-шөп базасын кеңейту бағытындағы тың тәсілдер талқыланды. Биыл 59,2 мың гектар жерге толықтай азықтық дақылдар егу жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы құны 454 миллиард сум болатын 82 мал шаруашылығы жобасын іске асырып, шетелден 20 мың асыл тұқымды ірі қара, 30 мың қой және 200 жылқы әкелу көзделіп отыр.
Мақта шаруашылығы, астық өсіру және су үнемдеу бағыттары бойынша да нақты міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, 2026 жылы мақта өнімділігін 52 центнерге, астық өнімділігін 100 центнерге жеткізу, 96,8 мың гектар жерде су қамтамасыз ету мен мелиоративтік жағдайды жақсарту, 453,5 миллион текше метр суды үнемдеу, сондай-ақ 742 дана ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу жоспарланған.
Мал шаруашылығында әрбір ауданда 50 бас асыл тұқымды ірі қараға арналған заманауи шағын фермалар ұйымдастыру ұсынысы қаралды. Аталған бағдарлама аясында 110 жоба іске асырылып, 5,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелінеді, 3 750 жаңа жұмыс орны ашылады және қосымша 51,5 мың тонна сүт өндіру қуаты қалыптастырылады.
Қызмет көрсету саласы мен халықты жұмыспен қамту бағытында махаллалардың мамандандырылуына негізделген 49 жобаны жүзеге асыру, 33 сауда және сервис көшесін, 2 жағалау аймағын, 4 туризм махалласын және 10 жол бойы жобасын ұйымдастыру белгіленді. Бұл мақсаттарға жалпы 12,5 триллион сум қаржы бөлініп, оның ішінде 7,5 триллион сумы шағын және орта бизнеске бағытталады.
Туризм саласының қазіргі таңда негізінен Бұхара қаласының үлесіне тиіп отырғаны, ал облыстың басқа аудандарындағы мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отырғаны атап өтілді. Облыстағы аудандардың жағалау және жол бойында драйвер-жобаларды іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық үшін заманауи демалыс ортасын қалыптастыруға зор мүмкіндік бар екені айтылды.
Осыған байланысты 2026 жылы 3,5 миллион шетелдік және 5,5 миллион жергілікті саяхатшыларды тарту, жалпы туристер санын 9 миллионға жеткізу міндеті жүктелді. Ол үшін 2026 жылы 73 жаңа орналастыру нысаны, 15 жаңа туроператор мен турагент іске қосылады.
Бұхара қаласында салынып жатқан жаңа туризм орталығында 5 халықаралық брендті қонақ үй ашу, «Шофиркон» ауданында «Хужа Ориф», «Бұхара» ауданында «Чор Бакр» және «Ёржон» туризм ауылдарын дамыту, сондай-ақ Бұхара қаласында «Мохи Хоса» туризм махалласын қалыптастыру көзделген. Бұхараның тарихи орталығында ЮНЕСКО талаптарына сай арнайы әкімшілік басқару жүйесін енгізудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, «Когон» қаласында 6 тарихи нысан негізінде туристік қалашық ұйымдастыру ұсынысы қаралды.
Кадрлар даярлау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Австрияның Кремс университетімен бірлескен факультет ашу, Бұхара туризм және мәдени мұра техникумын аталған жоғары оқу орнының басқаруына беру жоспарланып отыр. Бұл ретте толық дуалды білім беру негізінде мамандар даярлау және басқарушы кадрларды қайта даярлау жүйесін жолға қою қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, бұл университет Бұхара қаласында енгізілетін тәулік бойы жұмыс істейтін көшелерді басқарудың жаңа моделін әзірлеуге де қолдау көрсетеді.
Отырыста халық санының өсуіне сәйкес тұрғын үй және инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда, «Бұхара» ауданындағы «Работак» махалласы аумағында 63 гектар жерде 10 мыңнан астам пәтерден тұратын заманауи тұрғын үй кешенін салу, Бұхара қаласында жаңа әкімшілік орталық құру, «Жаңа Өзбекстан» массиві мен «Жаңа Өзбекстан» саябағын тұрғызу, сондай-ақ Бұхара мемлекеттік университетінің жаңа кампусын салу секілді ірі құрылыс және урбанизация жобалары талқыланды.
Жол және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту бойынша да бірқатар міндеттер белгіленді. Облыста ұзындығы 33,1 шақырым болатын 7 айналма жол салу, «Ғузар – Бұхара – Нөкіс – Бейнеу» жолының 78 шақырымын және «Самарқанд – Бұхара – Түркіменбашы» жолының 71 шақырымын реконструкциялау, сондай-ақ А-380 тас жолы бойындағы 30,8 гектар жерді аукционға шығарып, онда 403 қызмет көрсету жобасын орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар, күрделі санаттағы 3 аудан мен 36 махаллада, сондай-ақ «Жаңа Өзбекстан келбетіндегі» 2 аудан мен 35 махаллада жаңа тәсілдер негізінде жол, электр, су және суару желілерін жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Оған жалпы 593 миллиард сум қаражат бөлінетіні белгілі болды.
Әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту үшін 2026 жылы жалпы 4 триллион 484 миллиард сум қаржы бағытталып, осы қаражат есебінен мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, сондай-ақ коммуналдық және көлік инфрақұрылымы бойынша жүздеген жоба орындалатыны атап өтілді.
Мемлекет басшсы Бұхара облысының бар мүмкіндігін толық пайдалану, әрбір бастаманы нақты жобаға айналдыру, инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларында нақты нәтижеге қол жеткізу бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.