Президент жасанды интеллект және цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев жасанды интеллект пен цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан реформалар және алдағы басым міндеттерге арналған тұсаукесермен танысты.
Елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу арқылы экономикалық өсімді жеделдету және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Өзбекстан – 2030» стратегиясына сәйкес, IT қызметтері мен бағдарламалық өнімдер экспортын 5 миллиард долларға жеткізу, салада 300 мың жасты жұмыспен қамту және БҰҰ-ның электронды үкімет индексінде елді әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарына енгізу басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Кейінгі жылдары цифрландыру саласының экономикаға ықпалы айтарлықтай артты. Соңғы бес жылда саладағы жалпы қосылған құн орта есеппен 24,8 пайызға өсіп, бұл көрсеткіш ЖІӨ өсімінен 3,5 есе жоғары болды. Ақпарат және байланыс саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2017 жылғы 64,3 мыңнан 108,8 мыңға жетсе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 10 мыңнан 181 мыңға дейін артқан. Қазіргі таңда салада 11 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 1,4 мыңы шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған.
Сонымен қатар жасанды интеллект бағытында 100-ге жуық практикалық жоба және 200-ден астам пилоттық бастама іске қосылған. Мысалы, Алмалық тау-кен металлургия комбинатының мыс байыту фабрикасында өндіріс тізбегін нақты уақыт режимінде талдау енгізіліп, нәтижесінде энергия шығыны 10 пайызға, өзіндік құн 15 пайызға қысқарып, еңбек өнімділігі 10 пайызға артқан.
Осындай жобаларды қолдау үшін 24 миллион долларлық GPU-кластерге негізделген жасанды интеллект инфрақұрылымы іске қосылды. Жыл соңына дейін қосымша есептеу қуаттарын кеңейту үшін тағы 45 миллион доллар көлемінде жабдықтар тарту жоспарланған.

Тиімділікті арттыру мақсатында медицина, энергетика, көлік, кеден, салық, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қатысты 130-дан астам деректер базасын жүйелеу, олармен жұмыс істеу ортасын қалыптастыру және жасанды интеллект модельдерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, басқару шешімдерінің тиімділігін күшейтуге және экономикадағы шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Таныстырылымда жасанды интеллектті қолданудың нақты салалық бағыттары да айқындалды.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында инсульт пен сүт безі обырын ерте анықтау, медициналық тексерулерді автоматты түрде тіркеу, цифрлық көмекші жүйелерді енгізу; ауыл шаруашылығында өнімділікті болжау, фитосанитарлық қауіптер туралы фермерлерді хабардар ету, жайылымдарды мониторингтеу; көлік саласында жол жабындары мен теміржол инфрақұрылымын бақылау, жүргізушілерді қауіп туралы ескерту, «ақылды» көлік жүйелерін дамыту; құрылыс және өнеркәсіпте заңбұзушылықтарды анықтау, сметалық құжаттарды қарау мерзімін қысқарту, бейнеталдау арқылы өндірісті бақылау жобаларын кеңейту көзделген.

Инфрақұрылымды дамыту мен қатар жергілікті стартаптарды қолдау және халықтың, әсіресе жастардың цифрлық дағдыларын қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Бүгінде елімізде стартаптар саны 950-ге жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,5 пайыздық өсімді көрсетеді. Венчурлық қорлар саны 22-ге жетіп, экожүйе құны 4,3 миллиард доллар деп бағалануда. Стартаптарға салынған инвестициялар көлемі 132 миллион долларды құрағаны атап өтілді.
Биылдан бастап стартаптар бойынша Президент байқауының жүлде қоры IT бағыты бойынша 5 миллион долларға ұлғайтылып, жасанды интеллект бағыты бойынша 1 миллион долларлық жаңа байқаулар енгізілгені айтылды. Сондай-ақ «President AI Award» сыйлығын мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру, «жасыл экономика» және агротехнологиялар секілді 5 бағыт бойынша ұйымдастыру ұсынылды.
2030 жылға дейін ақпараттық технологиялар саласында 300 мың жасты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар да қаралды. Бұл үшін өңірлерде цифрлық экожүйені кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспортқа бағытталған қызметтер көлемін арттыру және стартаптардың өсу нүктелерін көбейту қажеттігі атап өтілді.
Осыған байланысты Самарқанд, Наманган, Сырдария және Бұхара қалаларында IT-Park жаңа филиалдарын ашу, ал Нурафшан қаласында цифрлық R&D орталығын құру жоспарлары таныстырылды. Нурафшан қаласында 7,3 гектар аумақта құрылатын бұл орталық аясында 6 жоғары технологиялық зертхана, жасанды интеллектке арналған 200 GPU-лы есептеу орталығы, стартап кампусы мен коммерцияландыру орталығын салу көзделген. Жобаның жалпы құны 200 миллион долларды құрап, оны 2027–2031 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Таныстырылымда цифрлық білім беруді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
«5 миллион жасанды интеллект көшбасшысы» жобасы аясында 1 миллионнан астам бастапқы деңгей тыңдаушы, 300 мыңнан астам орта деңгей тыңдаушы және 1,5 мың кәсіби маман дайындалғаны айтылды. Енді мектептерде жасанды интеллект пен стартап кабинеттерін ашу ұсынылды.
Сонымен бірге мектептердегі цифрлық инфрақұрылымның жағдайы талданды. Қазіргі таңда мектептердің 69 пайызында Wi-Fi мүлде жоқ, 5 мың компьютер сыныбы ескірген, ал 2 мың мектепте мұндай сыныптар жоқ екені анықталған. Осыған байланысты 2030 жылға дейін 16 мың компьютер сыныбын жаңарту, мектептерді тегін Wi-Fi-мен қамтамасыз ету және интернет жылдамдығын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Жиында жергілікті АT шешімдерді кеңінен қолдану мәселесіне де ерекше мән берілді. Мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындар мен банктердегі бағдарламалық өнімдер мен ақпараттық технологиялар қызметтерінің кемінде 45 пайызын жергіліктендіру мүмкіндігі бар екені атап өтілді. Осыған байланысты мемлекеттік кәсіпорындар мен банктер тарапынан АT қызметтерін импорттау кезінде міндетті түрде Салааралық кооперация және мемлекеттік сатып алулар агенттігімен келісу жүйесін енгізу, сондай-ақ тапсырыстарды IT-Park резиденттеріне бағыттау ұсынылды.
Телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту және реттеу бағытындағы жұмыстар да қарастырылды.
Соңғы жылдары елді мекендердің телекоммуникация қызметтерімен қамтылуы 41 пайыздан 98 пайызға дейін артқан, ал жалпы интернеттің өткізу қабілеті 65 есеге өсіп, 4,4 мың гигабит/секундқа жеткен. Нарықты реттеу, қызмет сапасын бақылау және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау мақсатында арнайы агенттік құрылғаны айтылды.
Таныстырылымда телекоммуникация нарығын жыл сайын кемінде 10 пайызға өсіріп, биыл 27,5 триллион сумға жеткізу жоспарлары қаралды.
Сондай-ақ киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау және цифрлық үкімет платформасын нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекеттік жүйелерді тек бірыңғай цифрлық үкімет платформасы арқылы біріктіру, киберқауіпсіздік сараптамасынан өтпеген жүйелерді қосуды шектеу және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту үшін әр екі жыл сайын толық IT-аудит жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру бүгінде тек технологиялық жаңару емес, экономиканың тиімділігі, мемлекеттік басқару сапасы, қызметтердің қолайлылығы, экспорттық әлеует пен елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Осы саладағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.