Каталонияда автобус апатынан 80-ге жуық адам жарақат алды
Испанияның Каталония аймағындағы, Барселона маңында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 80-ге жуық адам жарақат алды. Жолаушылар автобусы жеңіл көлікпен соқтығысып, жолдан шығып кеткен де, биіктігі 20 метр болатын еңістен төмен құлаған.
BILD басылымының дерегінше, жарақат алғандардың төртеуінің жағдайы ауыр.
Оқиға өткен жексенбі күні кешке Монтсени табиғи саябағы аумағындағы Фогарс-де-Монтклус муниципалитетінің маңында, тау жолының тар аймағында болған. Мәліметке қарағанда, автобус Сант-Селони мен Фогарс-де-Монтклус елді мекендерінің арасында тұрақты бағыт бойынша қатынап жүрген.
Оқиға орнында ауқымды құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, құтқару шараларына өрт сөндіру бригадалары, 15-ке жуық жедел жәрдем көлігі және екі медициналық тікұшақ жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен олардың жақындарына шұғыл психологиялық және практикалық көмек көрсету үшін арнайы жедел қабылдау пункті ашылған.