Жаңа Ташкентте «Әзербайжан» саябағы салынады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Жаңа Ташкентте «Әзербайжан» саябағын салу жұмыстарын бастап берді.
Жаңа Ташкентте саябақ салу үшін 4 гектар жер бөлінді. Мұнда Әзербайжанның бай мәдениетін, көпғасырлық тарихы мен ұлттық дәстүрлерін бейнелейтін заманауи қоғамдық кеңістік құрылады. Ол екі бауырлас халықтың мәдени жақындығы мен достығын айшықтайтын орынға айналады.

Айта кетерлігі, бұл игі бастаманың өзара сипаты бар. Президент Шавкат Мирзиёевтің Әзербайжанға мемлекеттік сапары аясында Баку қаласының «Ақ қала» аумағында «Өзбекстан» саябағының іргетасы салтанатты түрде қаланған болатын.

4,5 гектар аумақта бой көтеретін бұл кешенде Өзбекстанның бай мәдениеті мен дәстүрлері, ұлттық сәулет өнерінің өзіндік ерекшеліктері көрініс табады. Мұнда елдің тарихи ескерткіштерінің сәулеттік нышандары, жасыл желекті аумақтар мен серуендеу орындарын қалыптастыру жоспарланған.

Осылайша, Ташкенттегі «Әзербайжан» және Бакудегі «Өзбекстан» саябақтары екі халықтың көпғасырлық достығы, өзара құрметі мен рухани жақындығының тағы бір жарқын символына айналады.

Мемлекет басшылары болашақ саябақ аумағына символдық капсуланы орналастырып, жобаны іске асыруға бастау берді.