IBSA президенті Өзбекстанға ресми сапармен келді
Халықаралық соқырлар спорт федерациясының (IBSA) президенті Илгар Рахимов бастаған делегация Өзбекстанға ресми сапармен келіп, Өзбекстан Республикасының Спорт министрлігінде ресми кездесу өткізді.
Жиынға Өзбекстанның спорт министрі Адхам Икромов, Президент жанындағы Әлеуметтік қорғау жөніндегі ұлттық агенттіктің директорының бірінші орынбасары Шахноза Мирзиёева, Ұлттық паралимпиада комитетінің төрағасы Мухторхон Тошхожаев және республика Соқырлар спорт федерациясының төрағасы Отабек Эргашев қатысты.

Кездесудің басында халықаралық делегация IBSA ұйымының қызметі мен мақсаттары туралы кеңінен мағлұмат берді. Ұйымның басты мақсаты — көзі көрмейтін және нашар көретін жандарды қоғамға толық бейімдеу, спорт арқылы әлеуметтендіру екені атап өтілді. Айта кетейік, бүгінде аталған ұйымға 117 мемлекет мүше.

Сапар барысында Өзбекстанда мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен паралимпиадалық қозғалыстың жетістіктері IBSA делегациясы тарапынан жоғары бағаланды.
Кездесуде болашақтағы ынтымақтастықтың келешегі де сөз болды. Атап айтқанда, IBSA ұйымымен бірлесіп беделді халықаралық спорттық іс-шараларды Өзбекстанда өткізу мүмкіндіктері қарастырылып, делегация мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жиын соңында екі тарап өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге ниетті екенін білдіріп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару жөнінде уағдаласты.