Химия өнеркәсібін дамыту және өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды
Президент Шавкат Мирзиёевтың төрағалығымен 2 маусым күні химия өнеркәсібін жедел дамыту және өңірлерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналған видеоселекторлық жиналыс өтті.
Жиында ел экономикасы қарқынды дамып келе жатқаны, соңғы жылдары өнеркәсіп салаларында 3 мың түрлі жаңа өнім өндірісі жолға қойылғаны атап өтілді.

Бұдан 9-10 жыл бұрын республикадағы химия өнімдерінің негізгі бөлігін минералды тыңайтқыштар құраған болатын. Кейінгі жылдары салаға 8 миллиард 300 миллион доллар инвестиция тартылып, 87 ірі өндірістік қуат іске қосылды.

Нәтижесінде ПВХ, «жасыл» сутегі, көбіктелген полипропилен, БОПП үлдірлері секілді жоғары қосылған құнға ие 60-тан астам жаңа өнім түрін өндіру игерілді. Бұл өз кезегінде экономиканың түрлі салаларында мыңдаған жаңа өнім шығаруға қажетті шикізат базасын қалыптастырды.

Соның арқасында сала экспорты үш есе өсіп, жұмыспен қамтылғандар саны 50 мың адамнан асты.
Сонымен қатар салада әлі де толық пайдаланылмай отырған мүмкіндіктердің көп екені айтылды. Соңғы тоғыз жылда республика өнеркәсібі орта есеппен 6,3 пайызға өскенімен, химия өнеркәсібіндегі өсім 3 пайызға да жетпеген. Ал химия өнімдерінің импорты төрт есе артып, жылына 4,5 миллиард долларға жеткен.

Жиында «Узкимёсаноат» акционерлік қоғамының негізінен өз жүйесіндегі ірі кәсіпорындармен ғана шектеліп отырғаны, ал саладағы 5 мыңнан астам кәсіпорынмен жүйелі жұмыс жүргізу, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдау деңгейі жеткіліксіз екені сынға алынды.
Басқосуда өнім түрлерін әртараптандыру, қосылған құнды арттыру және энергия шығынын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінде республикада жылына 1,5 миллион тонна аммиак селитрасы өндіріліп, оған 1 миллиард 70 миллион текше метр газ жұмсалып отыр. Алайда дамыған мемлекеттер селитра тұтынуын азайтып, ауыл шаруашылығында карбамид пен суда еритін тыңайтқыштарды, ал тау-кен өндірісінде кеуекті селитраны қолдануға көшіп жатқаны айтылды.
Аммиак селитрасымен өзіндік құны бірдей болғанымен, кеуекті селитраның қосылған құны екі есе жоғары екені атап өтілді. Осыған байланысты жауапты тұлғалар мен химия кәсіпорындарының басшыларына мұндай жобаларды көбейту қажеттігі тапсырылды.
Сондай-ақ «Навоийазот» кәсіпорнында өндірілетін бір тонна циан тұзының бағасы 3 мың 700 доллар болса, одан желім өндірілген жағдайда оның құны 8 мың долларға дейін өсетіні айтылды. Осыған орай жауаптыларға «Навоийазот» жанындағы кластерде жалпы құны 1 миллиард доллар болатын 10 шағын тоннажды химия жобасын іске қосу тапсырылды.
Жиында геология саласындағы қолда бар қорларды толық іске қосу арқылы да қосылған құнды бірнеше есе арттыруға болатыны ерекше атап өтілді.

Қарақалпақстан, Сұрхандария, Қашқадария және Науаи облыстарында 550 миллион тонна натрий мен калий, сондай-ақ 20 миллион тонна бентонит қоры бар. Бұл шикізаттар терең өңделіп, каустикалық сода өндірілсе, қосылған құн үш есеге дейін артады.
Жызақ облысында 1,5 миллион тонна, ал Қарақалпақстанда 500 мың тонна серпентинит қоры анықталған. Оған күкірт қышқылымен өңдеу жүргізілсе, тоннасы 5 мың долларға дейін жететін магний оксидін өндіруге болады. Ал серпентинитті одан әрі терең өңдеу арқылы никель, хром және кобальт алу мүмкіндігі туындайды. Бұл электротехника өнеркәсібі үшін аса маңызды шикізат саналады.
Жауапты тұлғаларға фосфорит, галит, мирабилит, серпентинит секілді химия өнеркәсібіне қажетті шикізат қорларын екі есеге арттыруға бағытталған үш жылдық бағдарлама әзірлеп, нақты жұмыстарды бастау тапсырылды. Сонымен қатар серпентинит шикізатын өңдеу бойынша кемінде 200 миллион долларлық жобаларды іске қосу міндеті жүктелді.
Қазіргі таңда Өзбекстанда жыл сайын 300 миллион долларлық тұрмыстық химия өнімдері импортталады. Ал өңірлік нарықта мұндай өнімдерге деген сұраныс көлемі 2 миллиард долларға жетеді.
Мысалы, «Ангрен» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпкерлер әлемге әйгілі «Henkel» компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Қазір бұл кәсіпорын «Henkel» тарапынан сатып алынып, осы жерден ТМД елдеріне өнім жеткізу жоспарланып отыр.
Осындай жобаларды көбейту мақсатында Ташкент қаласындағы өнеркәсіп аймақтарының бірінен тұрмыстық химия жобаларына арнайы алаң бөлінеді. Іске қосылған кәсіпорындарды брендтерімен бірге дайын табысты бизнес ретінде жекеменшік секторға сату шартымен бұл бағытқа 50 миллион доллар бөлінеді.
Басқа облыстардағы осындай жобаларды қолдау үшін Өнеркәсіп кооперациясы қорынан тағы 15 миллион доллар қарастырылған. Жалпы, жауаптыларға тұрмыстық химия саласында кемінде 100 жаңа брендтік өнім шығаруға бағытталған бағдарлама әзірлеу тапсырылды.
Жиында минералды тыңайтқыштар нарығындағы мүмкіндіктер де жан-жақты талданды.
Әлемде минералды тыңайтқыштарға сұраныс жыл сайын 5 пайызға өсіп, 2030 жылға қарай 260 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Әсіресе жаңа агротехнологиялардың дамуына байланысты суда еритін тыңайтқыштарға қажеттілік күрт артып келеді.
Келесі үш жылда сала басшылары мен өңір әкімдерінің алдында жалпы құны 2 миллиард 800 миллион доллар болатын 42 жобаны іске қосу міндеті тұр. Соның нәтижесінде 2030 жылға қарай азотты тыңайтқыштар өндірісін 2,8 миллион тоннадан 4 миллион тоннаға, фосфорлы тыңайтқыштарды 400 мың тоннадан 900 мың тоннаға, ал суда еритін тыңайтқыштарды 100 мың тоннадан 400 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Суда еритін тыңайтқыштар, полимерлер, тұрмыстық және бейорганикалық химия салаларындағы ірі жобалар аясында нанохимия, «жасыл» химия, супрамолекулалық химия және жасанды интеллект негізіндегі химиялық модельдеу сияқты заманауи бағыттар бойынша мамандарға сұраныс артатыны атап өтілді.
Осыған байланысты химия өнеркәсібінде білім беру, ғылыми зерттеу, зертхана және стартаптарды қамтитын біртұтас жүйе қалыптастыру белгіленді.
Ол үшін М.Ұлықбек ауданындағы 60 гектар аумақта химия өнеркәсібіне арналған инновациялық ғылыми-өндірістік және білім беру кластері құрылады. Бұл кластер аясында Оңтүстік Корея мемлекетімен бірлесіп Химия технологиялары инновациялық орталығы ашылады. Орталықта тәжірибелік-сынақ жұмыстарына кететін шығындардың жартысы өтеледі.
Жалпы химия өнеркәсібінде құны 17 миллиард доллар болатын 350-ден астам жобаны іске қосу жөніндегі бағдарлама әзірлеп, практикалық жұмыстарды бастау тапсырылды.
Мемлекет басшысы мұндай ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін саланы ғылыми негізделген әрі заманауи тәсілдер арқылы басқару қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты «Узкимёсаноат» компаниясын трансформациялау бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын барысында химия өнеркәсібіне жауапты тұлғалар мен өңір басшыларының баяндамалары тыңдалып, салада жұмыс істейтін кәсіпорын жетекшілерімен пікір алмасу өтті.