Мемлекет басшысы Наманганда IT-парк құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты
Президент Шавкат Мирзиёев «Давлатабад» ауданындағы Жаңа Наманган қалашығы аумағында IT-парк құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы елдің барлық өңірінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын жедел дамыту, жоғары табысты жұмыс орындары мен заманауи өндірістік қуаттарды көбейту Жаңа Өзбекстандағы реформалардың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Осыған орай арнайы бағдарламалар мен қаулылар қабылданып, қажетті қаржы көздері мен жауапты құрылымдар нақты белгіленген жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Соның нәтижесінде фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, электр техникасы, құрылыс материалдары, азық-түлік және химия өнеркәсібі салаларында 6,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 30-дан астам жаңа өнім түрі өндіріледі. Бұл жобалар облыс экономикасына 3 триллион 600 миллиард сум көлемінде айналым қаражатын, 200 миллион долларлық экспортты және бюджетке 400 миллиард сум түсім әкеледі.

Сонымен қатар Наманганда өнеркәсіп, туризм, сауда кешендері мен тұрғын үй құрылысының дамуына серпін беретін жалпы құны 4 миллиард доллар болатын тағы 28 жобаға бастау берілуде.

Мемлекет басшысы Наманган облысы тұрғындарының 1 миллион 600 мыңнан астамын жастар құрайтынын айтып, мұны өңірдің зор әлеуметтік-экономикалық капиталы ретінде бағалады. Жастарға ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект секілді заманауи білім беру, оларды жоғары табысты мамандықтарға баулу бағытында ауқымды стартап жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Сарапшылар Өзбекстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін 10 миллиард долларға бағалап отыр. Осы әлеуетті нақты мүмкіндіктерге, ал мүмкіндіктерді жаңа жобаларға, жұмыс орындарына және жоғары қосылған құнға айналдыру қажеттігі атап өтілді.

Кейінгі жылдары Нөкіс, Қаршы, Термез, Үргеніш және Ферғана қалаларында заманауи IT-парктер іске қосылды. Өткен жылдың қазан айында Ташкент қаласындағы IT-парк жобасының екінші кезеңі басталған болатын.
Қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын құны 117 миллион доллар болатын ірі жоба аясында республиканың алты өңірінде – Жаңа Наманган, Самарқанд, Шыршық, Нурафшан, Үргеніш және Науаи қалаларында IT-парктер салынады. Жаңа Наманғандагы кешен осы жобаның алғашқысы болмақ.

Аталған жоба Президенттің 2024 жылғы 26 ақпандағы «Елімізде цифрландыру саласындағы қызметтер экспортын дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы аясында жүзеге асырылуда.
Жобаға сәйкес, 1,7 гектар аумақта 17 қабатты заманауи ғимарат бой көтереді. Нысан шетелдік серіктестер тарапынан жобалау мен құрылыстан бастап, ішкі әрлеу жұмыстарына дейін толық дайын күйінде пайдалануға беріледі.

Аумағы шамамен 18 мың шаршы метр болатын кешенде білім беру және экспорт орталықтары, коворкинг пен кеңсе алаңдары, стартап-акселератор, сондай-ақ шетелдік компанияларға арналған арнайы қызмет көрсету жүйесі орналасады.
Мұнда ондаған компания мен стартап студиясы бірыңғай ақпараттық технологиялар экожүйесі ретінде жұмыс істейді. Кешенде Наманганның екі мыңға жуық жастары үшін жоғары табысты жұмыс орындары ашылады.

Жобаның іске қосылуы облыстағы IT қызметтерінің жылдық көлемін 500 миллиард сумға, ал экспорт көлемін 30 миллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы жобаны жүзеге асыруға қатысып жатқан шетелдік серіктестерге алғыс білдірді. Осыдан кейін Президент Шавкат Мирзиёев Жаңа Наманган IT-паркі құрылысының іргетасын қалады.

Сондай-ақ, осы жерде облыстағы жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және құрылысын бастау рәсімі өтті.