Хантавирус АҚШ пен Францияда да тіркелді
АҚШ-та вирус таралған круиз кемесінде болған 17 америкалықтың бірінен тест оң нәтиже көрсетті, тағы бірі жеңіл белгілерге шағымданған.
АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі мәліметінше, олардың екеуі тасымалдау кезінде ұшақтағы арнайы оқшаулау бөлімдеріне орналастырылған.
Барлық эвакуацияланған жолаушылар арнайы патогендерді емдеуге арналған өңірлік орталыққа жеткізіледі.
Францияда MV Hondius кемесіндегі бір әйелден де ПТР тест оң нәтиже берген. BFMTV дерегіне сәйкес, бұл ақпаратты Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Рист растады. Науқас жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, онымен байланыста болған 22 адам бақылауға алынған.
Испанияда бұған дейін MV Hondius кемесінен 94 адам эвакуацияланған болатын.
Қазіргі уақытта сегіз адамнан хантавирус анықталды. Үш жолаушы көз жұмды, тағы біреуі Йоханнесбургтегі ауруханада ауыр жағдайда жатыр.
Вирус таралған кемеде шамамен 150 адам бар, олардың басым бөлігі АҚШ, Ұлыбритания, Испания және Нидерланд азаматтары. Сондай-ақ бортта Ресейдің бір азаматы да болғаны белгілі.
Айта кетейік, бұған дейін Израильдегі бір науқастан да осы вирус анықталған еді.