Футбол клубының автобусынан 86,5 келі марихуана табылды
Боливия полициясы Бразилияның «Сан-Паулу» футбол клубын тасымалдауға арналған автобустан 86,5 келі марихуана тәркіледі. Клуб бұл іске қатысы барын жоққа шығарды.
Бразилиялық UOL порталының хабарлауынша, оқиға 9 тамызда Кочабамба қаласында болған. Құқық қорғау органдары автобус ішінен есірткі салынған төрт қаптама тауып, үш адамды қамауға алған.
Басылымның мәліметінше, автобус иесі «Buses Cosmos» компаниясы футбол клубына жедел түрде басқа көлік ұсынған. Алайда клуб өкілдеріне автобуста есірткі табылғаны туралы алдын ала хабарланбаған.
«Сан-Паулу» өкілі оқиға кезінде клубтың аталған автобусты пайдаланбағанын және футболшылардың есірткіге қатысты іске еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. «Buses Cosmos» компаниясы да оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.
Клуб пен компания өкілдері жауапкершілік автобус жүргізушілеріне тиесілі екенін атап өтті. «Істі полиция тергеп жатыр, күдіктілер қамауға алынды және тергеу Боливияның сот жүйесінің бақылауында», — делінген «Сан-Паулу» клубының мәлімдемесінде.
Оқиға «Сан-Паулу» командасының Судамерикана кубогының 1/8 финалындағы сырт алаңдағы матчқа аттанарынан сәл бұрын болған. Команда Боливияның «Боливар» клубымен кездесіп, матч 1:1 есебімен аяқталды.
Екі команда арасындағы қарымта кездесу 18 тамызда Бразилияда өтеді.