Францияда алапат құйын соғып, 41 адам жарақат алды
Францияның оңтүстік-батысындағы Од департаментінде күшті құйын соғып, 41 адам жарақат алды. Табиғи апат салдарынан 300-ге жуық үй зақымданды. Ең көп шығын Пома ауылында тіркелді. Кейбір үйлердің шатырлары түгелдей ұшып кеткен.
Каркасон мен Лиму қалаларының арасында орналасқан, шамамен 1000 тұрғыны бар Пома ауылында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін 120-дан астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Зақымданған ғимараттарды бекіту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары басталды.
Зардап шеккендердің арасында жүкті әйел де бар. Ол үйі құлаған кезде жарақат алған.
Метеорологиялық қызметтің мәліметінше, жақын маңдағы Аркетт-ан-Валь ауылында желдің жылдамдығы сағатына 117 шақырымға жеткен.
Қатты дауыл Францияның оңтүстігіндегі көлік қозғалысына да айтарлықтай әсер етті. Пойыздардың жүру кестесі өзгертіліп, кейбір жолдар жабылды. Бордо, Марсель, Ницца, Тулуза және тіпті Париж әуежайларында да рейстер кешіктіріліп немесе тоқтатылды. Од департаментінде өтіп жатқан веложарыстың үшінші кезеңі де бұршақ жаууына байланысты тоқтатылды.
Қазіргі уақытта өңірдегі шамамен 2800 үй әлі де электр қуатынсыз отыр.