Еуропадағы аптап ыстық орман өртін күшейтті
Биылғы жаз маусымы Еуропа халқына оңай соқпай тұр. Кейінгі күндері Еуропаның бірқатар елдерінде ірі орман өрттері болып, мыңдаған гектар жасыл алқап жанып кетті. Франция, Испания, Португалия және Грекияда өртті сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші, арнайы техника мен авиация жұмылдырылды.
Францияның оңтүстігінде екі адам зардап шегіп, бес мың тұрғын эвакуацияланды. Елдің Шығыс Пиреней департаментінде өрт 4 шілде кешке Перпиньян қаласы маңындағы жетуі қиын таулы аймақта басталған.
AFP агенттігінің мәліметінше, өртті сөндіруге 700-ге жуық өрт сөндіруші, 200 арнайы техника, сондай-ақ онға жуық ұшақ пен тікұшақ тартылған. Оқиға салдарынан бір өрт сөндіруші мен жергілікті тұрғын ауыр жарақат алған.
Шығыс Пиреней әкімшілігі қауіпсіздік мақсатында бес мың тұрғынды эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Департамент префекті Рено де ла Мот бұл өртті «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы апат» деп бағалап, оны жоюға барлық мемлекеттік қызметтердің жұмылдырылғанын мәлімдеді.
Францияның тағы 41 департаментінде 6 шілде күні де өрт қаупі жоғары деңгейде сақталуда. Оның жетеуінде ең жоғары қауіп деңгейі жарияланған.
Грекияда ірі өрт Салоники қаласы маңындағы қалдықтарды қайта өңдеу зауытында басталды. Қалың қара түтін қала орталығына дейін жеткендіктен, жергілікті билік тұрғындарды үйлерінде қалып, терезе мен есіктерді жабуға және ауадағы улы заттарға байланысты сыртқа шықпауға шақырды.
Сондай-ақ үш елді мекен мен тұрақты күтімді қажет ететін 157 адам тұратын мекеме эвакуацияланды. Жергілікті полиция абайсыз әрекетімен өртке себеп болды деген күдікпен 76 жастағы ер адамды ұстады.
Грекия астанасы Афинаның батыс бөлігінде де ірі орман өрті тіркелді. Өртті сөндіруге 210 өрт сөндіруші, еріктілер және арнайы авиация қатысуда.
Испанияның Жирона өңірінде өрт 3 шілдеден бері жалғасып жатыр. EFE агенттігінің мәліметінше, өрт шамамен 2 200 гектар аумақты қамтыған.
Португалияның Возела муниципалитетінде 2 шілдеде басталған өртті сөндіруге 1 200 өрт сөндіруші, 400 арнайы техника және 15 өрт сөндіруші ұшақ тартылды. Өрт аумағы 12 мың гектарға жеткен.