Мексика жер сілкінісінен зардап шеккен Венесуэлаға гуманитарлық көмек жөнелтті
Мексика үкіметі жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюда қиындыққа тап болған Венесуэла халқына көмек ретінде екі ірі жүк кемесімен гуманитарлық жәрдем жөнелтті.
Бұл туралы Мексиканың Сыртқы істер министрлігі мен Әскери-теңіз күштері министрлігі бірлескен мәлімдеме жасады. Мәліметке сәйкес, президент Клаудия Шейнбаумның тікелей тапсырмасымен «Isla Holbox» және «Huasteco» логистикалық кемелері жалпы көлемі шамамен 2003 текше метр болатын қажетті жүктерді жеткізуге аттанды.
Жүктің құрамына ауыз су, жеке бас гигиенасына арналған құралдар мен дәрі-дәрмек енгізілген. Сонымен қатар табиғи апаттан зардап шеккен аймақ тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету үшін сағатына 1000 литр суды тазартуға қауқарлы төрт арнайы қондырғы және оларға қызмет көрсететін техникалық мамандар да жіберілді.
Кемелер діттеген жеріне алты күнде жетеді деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, апта басында Мексика Венесуэлаға сегіз электр генераторы тиелген арнайы ұшақты да аттандырған болатын.