Дженсен Хуанг NVIDIA компаниясының басшылығынан кетті
Америкалық NVIDIA технологиялық компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг бас директор қызметінен отставкаға кетті. Сонымен қатар ол директорлар кеңесінің құрамынан да шықты.
Хабарда айтылуынша, компанияны уақытша 2013 жылдан бері қаржы директоры қызметін атқарып келе жатқан Колетт Кресс басқарады. Ол бұған дейін Cisco және Microsoft сияқты ірі технологиялық корпорацияларда 25 жылға жуық жұмыс істеген. Колетт Кресс жаңа басшы тағайындалғанға дейін қаржы директоры міндетін де қатар атқаратын болады.
Директорлар кеңесі тұрақты бас директор лауазымына компания ішіндегі және сыртындағы үміткерлерді қарастыруды бастады. Сондай-ақ бұған дейін Synopsys компаниясын басқарған Харви Джонс NVIDIA тарихында алғаш рет директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Компания мәлімдемесіне сәйкес, бұл өзгерістер NVIDIA қызметіне, клиенттер алдындағы міндеттемелеріне және технологиялық жобалардың жүзеге асырылуына әсер етпейді.
Шетелдік басылымдардың жазуынша, Хуангтың отставкаға кетуіне оның жеке қарым-қатынасына байланысты дау және ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтар себеп болған. Алайда NVIDIA компаниясының ресми мәлімдемесінде отставканың нақты себептері айтылмаған.
Айта кетейік, Дженсен Хуанг 1993 жылы NVIDIA компаниясының негізін қалап, 33 жыл бойы оған басшылық етті. Оның жетекшілігімен компания жасанды интеллектіге арналған жоғары өнімді процессорлар өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналды.