«Челси» клубтар арасында әлем чемпионы атанды
АҚШ-та өткен клубтар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетіп, жанкүйерлерге есте қаларлық финал тарту етті. Шешуші ойында сенсациялық түрде басты фавориттерді жарыс жолынан шығарған «ПСЖ» мен салыстырмалы түрде өз қарсыластарын артта қалдырған «Челси» күш сынасты.
Маусым бойы қатысқан барлық турнирлерде жеңіске жетіп, финал алдында да басты фаворит саналған париждіктер бұл жолы күтпеген жерден сүрінді. Лондондықтар қарсыласын тас-талқан етіп, жауапсыз үш гол соғып, футбол әлемін дүр сілкіндірді.
Ойынның басты қаһарманы Коул Палмер. Жас шабуылшы финалда қос голдың авторы атанып қана қоймай, Жоао Педрудың голына нәтижелі пас та беріп, шын мәніндегі суперфинал кейіпкеріне айналды.
Осылайша, «Челси» клубтар арасындағы әлем чемпионатының жаңа форматтағы алғашқы жеңімпазы атанып, тарихта алтын әріптермен жазылды. Айта кету керек, лондондықтар бұл атақты 2021 жылы да жеңіп алған болатын.