«Бавария» 34-ші рет Германия чемпионы атанды
Германия футбол чемпионатының 32-турынан кейін Бундеслигада жаңа чемпион мерзімінен бұрын анықталды. Мюнхеннің әйгілі «Бавария» клубы өз тарихында 34-рет Германия чемпионы атанды.
Аталмыш турда «Бавария» «РБ Лейпцигпен» тең ойнады — 3:3. Матчтың соңғы секундтарында жеңісті қолдан шығарып алған мюнхендіктерге бұл нәтижеге қарамастан, басты бәсекелесі «Байер» командасының да «Фрайбургпен» 2:2 есебімен тең ойнауы көмектесті.
Осылайша, «Бавария» турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда қарсыласынан 8 ұпайға озып, чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Бұл жеңіс мюнхендіктер үшін ерекше маңызға ие: былтыр, 2024 жылы, дәл осы «Байер» клубы «Баварияның» Бундеслигадағы 11 жылдық чемпиондық сериясын тоқтатқан болатын. Ол кезде леверкузендік команда алғаш рет Германия чемпионы атанған еді.
Сондай-ақ бұл жетістік «Баварияның» 31 жастағы ағылшын шабуылшысы Харри Кейн үшін де тарихи сәт болды. Ол кәсіби мансабындағы 14 жыл ішінде ешқашан командалық титул жеңіп көрмеген. Сол себепті жанкүйерлер арасында оның «лағынеттелген» деген әзіл-мифі таралған еді. Енді ол алғашқы үлкен титулына қол жеткізді.