Қазақстанда бүгін Ұлттық домбыра күні
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра
Бүгін – Қазақстанда Ұлттық домбыра күні болып, ол жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде мерекелік күн ретінде атап өтіледі. Қазақтың ұлттық аспабының төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған.
Жарлықтың мақсаты - ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды топтастыра түсу. Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекеге айналуы - көнеден жеткен асыл қазынаға, ұлттық мұраға берілген лайықты баға.
Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, ежелден халықтың қасиетті мұрасы болып, оны әрбір қазақ қарашаңырағы қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Бұл ұғым Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», -деген сөзінен көрініп-ақ тұрады. Сол ұғымның мазмұны мерекеге айналған бүгінгі киелі күн барша «Қазақ» қауымына құтты болсын.