Ауғанстаннан жеткізілген экскаватордан 600 келіге жуық есірткі табылды
Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, Шекара әскерлері және Кеден комитеті бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде көрші Ауғанстан аумағынан әкелінген аса ірі көлемдегі есірткі заттарының жолын кесті.
Қылмыстық топ таңсәрі уақытты пайдаланып, әскери қызметшілердің қырағылығы бәсеңсиді деген үмітпен улы заттарды жасырын өткізуді көздеген. Алайда қырағылық танытқан қызметкерлер олардың бұл арам пиғылын дер кезінде әшкерелеп, жоспарларын күл-талқан етті.
Атап айтқанда, Сұрхандария облысы аумағындағы «Термез-авто» шекара кеден бекетіне Ауғанстан азаматы басқарған «Мерседес» маркалы жүк көлігі кіріп келген. Көлік белгіленген тәртіп бойынша толық тексеруден өткізілген.
«Тексеру барысында тіркемеде тасымалданып жатқан «Doosan» маркалы экскаватор арнайы инспекциялық кешен арқылы сканерленіп, оның көтергіш бөлігі ішінде конструкцияда қарастырылмаған күмәнді заттардың бар екені анықталды.
Осыдан кейін экскаватордың қуыстары арнайы эндоскопиялық құралмен тексеріліп, оның «стрела» бөлігінде 593 келі «гашиш» және 3 келі «опий» есірткі заттары жасырылғаны белгілі болды», -делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 246 және 273-баптары негізінде қылмыстық іс қозғалып, есірткінің иелерін анықтау және оларды ұстау бағытында тиісті шаралар жүргізілуде.