АҚШ Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруіне көмектесуді жалғастырады
13 желтоқсан күні Вашингтонда Өзбекстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық серіктестік диалогының екінші отырысы өтті.
СІМ мәліметінше, тараптар делегациясын Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Владимир Норов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Дональд Лу басқарды.
Күн тәртібіне сәйкес саясат және өңірлік диалог салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Бүгінде ашық байланыс пен өзара сенімге негізделген өзбек-американ көпжақты ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқаны атап өтілді.
«Америка тарапы Өзбекстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын үнемі қолдайтынын тағы да растады. Өзбекстан елеулі қауіп-қатерлерге қарамастан, Президент Шавкат Мирзияевтің басшылығымен ауқымды және табысты реформаларға қарай дәйекті түрде алға басып келе жатыр. Америка тарапы Өзбекстандағы экономика, білім және адам құқықтары салаларындағы реформалар бағдарламасын толық қолдауға дайын екенін білдірді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар делегациялар қауіпсіздік мәселелері бойынша диалог пен ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударған.
«Америка Құрама Штаттары Өзбекстанға «С5+1» дипломатиялық платформасына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Бұл формат проблемаларды бірлесіп шешу, гүлденген және қауіпсіз Орталық Азияны құру үшін маңызды екені айтылды».
Ведомство дерегінше, «Экономикалық даму» сессиясы барысында Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру бойынша қабылданған шаралар талқыланды. Сандық экономика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзбек-американ ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі бастамалар қарастырылды. Сондай-ақ, қатысушылар екі елдің компаниялары алдында тұрған мәселелерді тиімді шешу жолдары туралы пікір алмасылған.
Сондай-ақ, 2023 жылы Самарқандта өтетін АҚШ пен Орталық Азия арасындағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімнің (TIFA) отырысына мұқият дайындықтың маңыздылығы сөз болып, тараптар TIFA-ның экономикалық күн тәртібін қалыптастыру үшін екі тараптың кеңселерінің қатысуымен тұрақты жұмыс тобын құруға келіскен.
Америка тарапы ДСҰ-ға мүше болу үдерісінде Өзбекстанға көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екенін хабарлаған және отырыс қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданған.