АҚШ визаларды жедел рәсімдеудің ақылы қызметін сынақтан өткізеді
АҚШ Мемлекеттік департаменті іскерлік және туристік визаларды алу рәсімін жеделдетуге арналған жаңа ақылы қызметті іске қосуды жоспарлап отыр.
Жаңа тәртіпке сәйкес, визалық өтінім үшін төленетін стандартты 185 доллардан бөлек, қосымша 750 доллар төлеген шетелдік азаматтар төлем жасалған күннен бастап он күн ішінде АҚШ елшілігі немесе консулдығындағы сұхбатқа жазыла алады.
«Associated Press» агенттігінің мәліметәне сәйкес, пилоттық жоба биылғы 1 шілдеде басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Бағдарлама іске қосылар алдында оған қатысатын шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің тізімі жарияланады. Тиісті хабарлама осы аптада АҚШ-тың ресми Федералдық тізілімінде жарияланбақ.
Жаңа қызмет АҚШ-қа кіру талаптарын едәуір күшейткен визалық саясаттың салдарын белгілі бір деңгейде жеңілдетуге бағытталған. Әсіресе сұхбат алу кезегінің ұзақтығы шетелдік азаматтар үшін негізгі қиындықтардың біріне айналған.