«Альпинистер королі» қаза тапты
Альпинист әрі миллиондаған оқырманы бар блогер Нирмал Пуржа (Nimsdai) Пәкістандағы Қарақорым тау жүйесіндегі Броуд-Пик шыңына (биіктігі – 8 051 метр) көтерілу кезінде қар көшкіні салдарынан қаза тапты.
Бұл туралы ол негізін қалаған Elite Exped компаниясы хабарлады.
Бұған дейін «Geo TV» телеарнасы базалық лагерьдегі дереккөздерге сүйене отырып, қар көшкінінен кейін байланыс үзілген 10 альпинистің сегізінің мәйіті табылғанын хабарлаған еді. Қалған екі альпинист әлі де іздестіріліп жатыр.
29 шілде күні он адамнан құралған альпинистер тобы Броуд-Пик шыңына көтерілуді бастаған. Экспедицияны 43 жастағы Нирмал Пуржа басқарған. Топ құрамында бес непалдық, АҚШ, Қытай және Оман азаматтары, сондай-ақ пәкістандық жолбасшы болған.
30 шілде күні жергілікті уақытпен күндіз таудан қар көшкіні жүріп, содан кейін топпен байланыс үзілген. Қар көшкіні 6 600 метр биіктіктегі С2 және С3 лагерьлерінің арасындағы жолды басып қалған. GPS-трекерлерден алынған деректерге сәйкес, көшкін альпинистерді шамамен бір шақырым төмен қарай алып кеткен.
Нирмал Пуржа 2019 жылы «Project Possible» жобасы арқылы әлемге танылды. Сол кезде ол небәрі 6 ай 6 күн ішінде әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған еді. Оның осы жетістігі туралы Netflix компаниясы «14 Peaks: Nothing Is Impossible» атты деректі фильм түсірді.
Нирмал Пуржа бұған дейін Ұлыбритания армиясының гуркхтар бригадасында әскери қызмет атқарып, кейін Ұлыбритания Корольдік теңіз жаяу әскерінің арнайы бөлімшесінде қызмет еткен. 2018 жылы әскери қызметтен кеткеннен кейін альпинизммен кәсіби түрде айналыса бастады.