30 мамырдан бастап Термез – Ыстанбұл – Термез әуе рейсі іске қосылады
Өзбекстанда көлік және логистика жүйесін жаңғырту, халықаралық қатынастарды арттыру, сондай-ақ туризм әлеуетін күшейту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып келеді. Әсіресе, елдің тарихи қалалары мен стратегиялық өңірлерінде халықаралық авиация желісі арқылы экономикалық белсенділікті арттыру, шетелдік инвесторлар мен туристерді тарту ең негзгі мақсаттардың бірі болып отыр.
Осыған орай 30 мамырдан бастап іске қосылатын Термез – Ыстанбұл – Термез бағытындағы тұрақты әуе рейсінің маңызы ерекше. Аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалатын бұл бағыт оңтүстік өңір тұрғындары үшін қолайлы көлік мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, Өзбекстанның халықаралық туризм және іскерлік байланыстарын кеңейтуге де серпін береді.
Жаңа әуе қатынасы елге келетін туристер ағынын арттыруда маңызды рөл атқарады деп күтілуде. Әсіресе тарихи және зиярат туризмі тұрғысынан Термез қаласының әлеуеті зор. Мұнда көне қамалдар, археологиялық ескерткіштер мен бірегей мәдени мұра нысандары шоғырланған. Бұған дейін көптеген туристер Термезге жету үшін бірнеше бағытты ауыстыруға мәжбүр болатын.
Енді Ыстанбұл арқылы халықаралық саяхатшылар қысқа уақыт ішінде Өзбекстанның оңтүстігіне тікелей жете алады. Бұл өз кезегінде қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік қызметі, гидтер мен қолөнер салаларының дамуына тың серпін береді.
Термез – Ыстанбұл – Термез әуе рейсінің іске қосылуы – Өзбекстанның халықаралық авиациялық желісін кеңейту жолындағы маңызды қадам. Бұл бағыт туризмнің дамуына, экономикалық ынтымақтастықтың нығаюына, инвестициялық белсенділіктің артуына және өңірлік инфрақұрылымның жетілуіне ықпал етеді.
Ең бастысы, бұл бастама Термездің халықаралық маңызын арттырып, оны Оңтүстік Өзбекстанның ірі көлік және туризм орталығына айналдыруға берік негіз қалайды. Жаңа әуе бағыттары елдің ашықтық саясатын күшейтіп, Өзбекстанның жаһандық қауымдастықпен ықпалдасуын жаңа деңгейге көтереді.