Өзбекстанда мұнай және газ өнімдерін онлайн бақылау жүйесі енгізіледі
Өзбекстан Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін республикада өндірілетін, импортталатын және жанармай құю бекеттерінде сатылатын мұнай және газ өнімдерін онлайн бақылау жүйесін енгізу көзделген үкімет қаулысы әзірленеді.
2026 жылғы 1 тамызға дейін елдегі барлық автогаз және жанармай құю бекеттерінде бензин мен сұйытылған газдың тарату бағандарындағы (диспенсерлердегі) мәліметтерді нақты уақыт режимінде жинап, жүргізуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе іске қосылады.
2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін шетелдік тәжірибе негізінде жаңадан салынатын немесе қайта жаңғыртылатын қауіпті өндірістік нысандардағы жер үстіндегі сұйытылған көмірсутек газын сақтайтын қысымдағы резервуарлар екі қабырғалы резервуарлармен алмастырылады. Сонымен қатар, жер үстіндегі резервуарларды кезең-кезеңімен жер астына көшіру тәртібін белгілейтін қала құрылысы нормаларына өзгерістер енгізіледі.
Жанармай құю және газ толтыру бекеттерінің қорғаныс аймақтарында заңнама мен қала құрылысы талаптарына сәйкес келмейтін нысандардың құрылысына жер телімдері берілмейді.
2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, өнеркәсіптік, өрт және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жанармай және газ құю бекеттерінің тізілімі жасалып, оларды кезең-кезеңімен қауіпсіз аймақтарға көшіру жөніндегі шаралар әзірленеді. Бекеттер көшірілген жағдайда кәсіпкерлердің жер телімдеріне қатысты құқықтары сақталады. Ал автогаз құю станциялары көшірілген кезде оларды газ желісіне қосуға техникалық шарттар заңнамаға сәйкес ерекше тәртіппен рәсімделеді.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық жанармай құю бекеттеріндегі өлшеу құралдарының метрологиялық тексеру мерзімдерін бақылау үшін Техникалық реттеудің ұлттық ақпараттық жүйесін (TRIS) пайдалану мүмкіндігі жасалады.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 тамызға дейін биржалық сауданың электрондық жүйесі «Лицензия» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылып, сұйытылған газды арнайы биржалық секциялар арқылы сатып алуға тек тиісті лицензиясы бар кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Ал сұйытылған газды өндірістік қажеттілігі үшін пайдаланатын және қажетті материалдық-техникалық базасы бар кәсіпорындар газды өкілетті инспекция бекітетін тізім негізінде сатып алады.