Өзбекстан «Voyage Awards 2025» номинациясының жеңімпазы деп табылды
«Voyage Awards 2025» халықаралық марапатында Өзбекстан «Мәдени туризм бойынша жылдың үздік бағыты» номинациясының жеңімпазы деп табылды.
Марапат ұлттық туризм әлеуетін халықаралық деңгейде белсенді ілгерілеткені үшін Өзбекстан Республикасының Туризм комитетіне табысталды. Мамандар Ұлы Жібек жолымен байланысты бағыттардың ерекшелігін, сондай-ақ елдің тарихи ескерткіштері мен мәдени дәстүрлерін ерекше атап өтті.
«Voyage Awards» сыйлығы беделді халықаралық ұйымдар мен сала өкілдері тарапынан туризм бағыттары, қонақ үй желілері, әуе компаниялары және туристік ұйымдарды бағалау негізінде беріледі. Өзбекстанның бұл номинацияда жеңімпаз атануы әлемдік туризм қауымдастығының елге, әсіресе Самарқанд, Бұхара және Хиуа сияқты тарихи қалаларға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, бұл марапат елде туризм саласын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі болып табылады.