Өзбекстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 21 сәуір күні елімізде ресми сапармен жүрген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесусты қабылдады.
Кездесу барысында осы беделді ұйыммен ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және нығайту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Соңғы жылдары ДДСҰ мен ынтымақтастық сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді. Денсаулық сақтау саласындағы ауқымды әрі жүйелі реформалар ұйымның сараптамалық-кеңестік қолдауымен, сондай-ақ оның халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылып келеді.
Ынтымақтастық аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар әзірленді. Білікті медицина кадрлары даярланып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностика және аурулардың алдын алу жүйелері жетілдірілуде, мемлекеттік медициналық сақтандыру тетіктері енгізілуде.

ДДСҰ бас директоры елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту, өмір сүру ұзақтығын арттыру, ана өлімін азайту және цифрлық медицинаны дамыту бағытында қол жеткізілген маңызды нәтижелерді ерекше атап өтті.
Кездесу соңында фармацевтика саласын реттеу жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу сияқты басым бағыттарда практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер жүргізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
