Өзбекстан мен Ресей Бас прокурорлары ынтымақтастықты нығайтатын бағдарламаға қол қойды
Ресей Федерациясының Бас прокуроры Александр Гуцан бастаған делегация Өзбекстанға келді.
Сапардың алғашқы сәттері Ташкенттегі «Жеңіс» саябағында жалғасып, құрметті мейман «Ерлік жыры» ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойды.
Сапар аясында екі мемлекеттің қадағалау органдары басшылары арасында мазмұнды кездесу өтті.

Өзбекстан Республикасының Бас прокуроры Ниғматилла Юлдашев атап өткендей, Өзбекстан мен Ресей прокуратуралары арасындағы байланыс көпқырлы әрі қарқынды дамып келе жатқан серіктестікке айналған.
Кездесу барысында Ресей делегациясына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы жан-жақты мәлімет берілді. Әсіресе сот-құқық жүйесін жаңғырту, прокуратура органдары қызметін жетілдіру бағытындағы өзгерістерге ерекше назар аударылды.

Ашық әрі сенімді диалог аясында тараптар ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайын саралап, оны одан әрі тереңдетудің басым бағыттарын белгіледі. Құқықбұзушылықтардың алдын алу, киберқылмыс пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, прокуратура қызметіне заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу – өзара тәжірибе алмасудың негізгі өзегіне айналды. Сонымен қатар кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағытындағы байланыстарды күшейтуге ерекше мән берілді.

Кездесу соңында екі елдің Бас прокурорлары өзара ынтымақтастықты нығайтатын арнайы бағдарламаға қол қойды. Бұл құжат – құқықтық әріптестіктің жаңа белесіне бастайтын нақты қадам ретінде бағаланды.
Ниғматилла Юлдошев Александр Гуцанға екіжақты байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оған «Өзбекстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» төсбелгісін табыстады.
Сапар барысында делегация мүшелері Өзбекстан прокуратурасының тарихы музейін аралап, ведомствоның бай тәжірибесімен танысты. Сондай-ақ, Құқық қорғау академиясына барып, кадрларды даярлау жүйесіндегі жаңашыл өзгерістерді көрді.