Өзбекстан мен Қырғызстан СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады
Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесті.
«Бүгін Шолпан-Ата қаласында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев мырзамен мазмұнды кездесу өткіздік. Кездесу барысында Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқаны атап өтілді», – деп жазды Бахтиёр Саидов өзінің Telegram арнасында.
Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударған.
Сондай-ақ БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Қосылмау қозғалысы және өзге де көпжақты халықаралық алаңдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растаған.
Бұдан бөлек, алдағы кезеңге жоспарланған түрлі деңгейдегі ресми сапарлар мен бірлескен іс-шаралардың күн тәртібі қарастырылып, тараптар екі ел арасындағы саяси диалогты, сауда-экономикалық және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту өңірдегі тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні атап өткен.