Ташкентте түркі мемлекеттеріндегі сот-құқықтық білім беру мен әділ сот төрелігіне арналған форум басталды
Ташкент қаласындағы «Hilton Tashkent City» қонақүйінің конференция залында «Түркі мемлекеттеріндегі сот-құқықтық білім беру және әділ сот төрелігі: цифрлық трансформация және озық тәжірибелерге интеграция» тақырыбындағы халықаралық форум өз жұмысын бастады. Аймақ елдерін тоғыстырған бұл маңызды жиын құқықтық білім беру жүйесін жаңғырту мен әділ сот төрелігін жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Форумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінің сот-құқықтық білім беру мекемелері, бас прокуратура жанындағы академиялар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысуда.
Өзбекстан Республикасы Судьялар жоғары кеңесінің төрағасы Х. Ёдгоров судьялық – аса жауапты әрі мәртебелі мамандық екенін атап өтіп, болашақ судьяларды даярлау мен қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыру ерекше талаптарды қажет ететін күрделі міндет екенін айтты.

Оның айтуынша, әділ сот төрелігінің тиімділігі ең алдымен судьялыққа үміткерлердің қаншалықты терең білімді, жан-жақты даярланған және кәсіби деңгейі жоғары болуына тікелей байланысты. Әрбір мемлекеттің бұл бағытта өзіндік тәжірибесі мен қалыптасқан тәсілдері бар.
Өзбекстан дамуының жаңа сапалық кезеңі басталғаннан бері елде болашақ судьяларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды практикалық жұмыстар атқарылды.
Халықаралық форум барысында сот және құқық қорғау саласына кадр даярлауда жасанды интеллектті заманауи педагогикалық құрал ретінде қолдану, судьяларды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізудің құқықтық негіздері, сондай-ақ білім беру жүйесінде цифрлық шешімдерді пайдалану тәжірибесі жан-жақты талқылануда. Қатысушылар өзара пікір алмасып, озық тәжірибелерімен бөлісуде.