Су дипломатиясы: Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан су бөлу кестесін бекітті
Бүгінде әлем бойынша су тапшылығы мәселесі өткір сипат алып, оны ұтымды әрі тиімді пайдалану қажеттілігі айқын сезілуде. Бұл үрдіс Орталық Азия өңірін де айналып өткен жоқ. Осыған байланысты су ресурстарын басқару мәселесі тек экологиялық немесе ауыл шаруашылығы саласының шеңберінде ғана қарастырылмай, өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың негізгі тетіктерінің бірі ретінде бағаланып отыр.
Әсіресе климаттың өзгеруі, су тапшылығы және энергия тұтынудың артуы жағдайында мемлекеттер арасындағы су дипломатиясы жаңа кезеңге қадам басуда. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында жазғы маусым қарсаңында суару суын жеткізу кестесінің ресми түрде бекітілуі өңірлік ынтымақтастықтағы маңызды саяси-экономикалық оқиға ретінде бағалануда.
Ташкент қаласында өткен үш елдің су-энергетика саласы басшыларының келіссөздері қорытындысы бойынша үшжақты хаттамаға қол қойылды. Аталған құжатқа сәйкес алдағы екі айға «Тоқтоғұл» су қоймасынан су жіберу көлемі мен тәртібі нақты кесте негізінде келісілді.

Мамандардың пікірінше, су бөлінісі кестесінің алдын ала жариялануы фермерлер, су шаруашылығы ұйымдары мен энергетика жүйесі үшін болжам жасау мүмкіндіктерін кеңейтіп, вегетациялық кезеңдегі тәуекелдерді азайтады.
Кездесуге қатысушылар оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету басым міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл келісім тек су бөлінісіне қатысты емес, өңір елдері арасындағы сенім мен өзара үйлестіру тетіктерін нығайту тұрғысынан да маңызды мәнге ие.
Соңғы жылдары Орталық Азияда су-энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету мемлекетаралық қатынастардың ең өзекті бағыттарының біріне айналды.

Мәліметтерге сәйкес, бұл келісімге дейін де маусымаралық үйлестіру шаралары жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізген. Бұл өз кезегінде «Тоқтоғұл» су қоймасындағы су қорын қысқы энергетикалық қажеттіліктерге артық жұмсамай, негізінен жазғы суару кезеңіне сақтауға мүмкіндік берген. Сарапшылар бұл тетікті «су – энергетика алмасу» моделі ретінде бағалауда.
Сондай-ақ үш ел ведомстволары басшыларының кезекті кездесуі маусым айының ортасында Бішкек қаласында өтеді деп жоспарлануда. Онда шілде–қыркүйек айларына арналған су жеткізу көлемі мен жаңа кестелер келісілмек.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай келісімдер алдағы уақытта Орталық Азияда бірыңғай су-энергетикалық кеңістіктің қалыптасуына берік негіз қалауы мүмкін. Өйткені су ресурстарын үйлестірілген түрде басқару ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.