Щахматшы Жавохир Синдоровты марапаттауға арналған салтанатты шара өтті
Президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Халықаралық шахмат федерациясының Үміткерлер турнирінің жеңімпазы Жавохир Синдоровты салтанатты түрде марапаттауға арналған ресми шара өтті.
Шахматымыз тарихында тұңғыш рет Жавохир Синдоров Үміткерлер турнирінде жеңіске жетіп, шын мәнінде тарихи нәтижеге қол жеткізді.


Жарыс барысында ол әлемнің ең мықты гроссмейстерлеріне қарсы жоғары шеберлік пен зор батылдық танытып, әр партияда табандылық, күшті ерік-жігер және интеллектуалдық басымдылығын көрсетті. Әсіресе, бірде-бір жеңіліссіз 14 партияда 10 ұпай жинап, нәтижесінде ұпай саны мен жеңістер көрсеткіші бойынша рекорд орнатуы шахмат әлемінде сирек кездесетін ерекше жетістік ретінде бағаланды.
Мемлекет басшысы шара барысында сөз сөйлеп, Жавохир Синдоровты осы тарихи жеңісімен құттықтады. Бұл жетістік бүкіл халқымыздың, Жаңа Өзбекстанның ортақ жеңісі екені атап өтілді.


Әрине, ешбір табыс өздігінен келмейді. Оның негізінде ұзақ жылдарға созылған тынымсыз еңбек, бала кезден жинақталған тәжірибе, темірдей тәртіп, мықты ерік-жігер, сондай-ақ ұстаздар мен жаттықтырушылардың еңбегі, әке-шешесі мен ата-әжесінің ақ батасы жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, осындай дарынды өзбек перзентін тәрбиелеп өсірген ата-әжеңе, әке-шешеңе, ұстаз және жаттықтырушыларыңа тағы да өз алғысымды білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.
Атап өтілгендей, Жавохир Синдоров турнир барысында шахмат тақтасында өзбек халқына тән мықты рухты, өзіне деген сенімді, терең ойлау қабілетін және сабырлылықты көрсетті. Әсіресе Үндістан, АҚШ, Қытай, Нидерланд, Германия және Ресей өкілдері саналатын супер гроссмейстерлерге қарсы байсалды әрі батыл ойын көрсетуі ерекше атап өтілді.


Мемлекет басшысы Жавохир Синдоровтың бұл жоғары жетістігі елде спортты, соның ішінде шахматты дамытуға көрсетіліп жатқан тұрақты қолдаудың нақты нәтижесі екенін айтты. Бүгінде Жаңа Өзбекстанда осындай жеңімпаз, батыл әрі табанды жастар өсіп келе жатқаны баршаға зор мақтаныш сезімін ұялатады. Осы тұрғыда FIDE рейтингіндегі ең мықты бес шахматшының екеуі өзбек өкілдері екені ұлттық шахмат мектебінің беделі мен әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететіні айтылды. Бұл жетістіктер мыңдаған жас шахматшылар үшін үлкен мотивация болатыны атап өтілді.
Сондай-ақ шарада Жавохир Синдоровтың алдында тұрған келесі биік мақсаттар туралы да сөз қозғалды. Оның әлем шахмат тәжі үшін өтетін шешуші кездесуде лайықты өнер көрсетуіне, өзбек шахмат мектебінің әлеуетін әлемге тағы бір мәрте танытуына сенім білдірілді. Сонымен қатар, биыл қыркүйек айында Самарқанд қаласында өтетін 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында да халық үлкен жеңіс күтетіндігі айтылды.


Іс-шарада елде шахматты кеңінен насихаттау, әсіресе жастар арасында осы спорт түрін дамыту, жас ұрпақтың бойында ұлттық мақтаныш, Отанға сүйіспеншілік пен адалдық сезімін қалыптастыруға қосқан зор үлесі, сондай-ақ Кипрде өткен FIDE Үміткерлер турнирінде рекордтық нәтиже көрсетіп, мерзімінен бұрын жеңімпаз атанғаны үшін Жавохир Синдоровтың «Мехнат шухрати» орденімен марапатталғаны туралы Президент жарлығы оқылып, жария етілді.

Мемлекет басшысы аталған жоғары мемлекеттік марапатты салтанатты түрде табыс етті.
Гроссмейстер өз кезегінде жастарға, спортты дамытуға көрсетіліп жатқан тұрақты қолдау, жасалып отырған кең мүмкіндіктер мен жоғары сенім үшін Президентімізге шынайы алғысын білдірді.