Самарқанд үнқатысуы: әлемнің жас парламентшілері құқық, әділдік және лайықты болашақ жолында ынтымақты әрі тату
Самарқандта әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас парламентарийлер бір ақиқаттың төңірегіне топтасты: бүгінде жастар туралы шешім қабылдаудың өзі жеткіліксіз – олар сол шешімдердің тікелей бірлескен авторы болуы тиіс.
Өйткені, адам құқықтары, әділдік пен адамның қадір-қасиеті күрделі сынақтан өтіп жатқан осы бір алмағайып заманда жас ұрпақтың үні, бастамасы мен саяси қатысуы бұрынғыдан да маңыздырақ.
Дәл осы мақсатта Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің бастамасымен 2026 жылғы 4-6 қыркүйек күндері көне Самарқан қаласында Парламентаралық одақтың (ПАО) Жас парламент мүшелерінің XII жаһандық конференциясы өткізілді.
Әлемнің 60 елінен келген жас парламент мүшелері, 13 халықаралық ұйымның өкілдері – 250-ге жуық делегат, сондай-ақ сенаторлар мен депутаттар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінің басын қосқан конференция "Алмағайып заманда адам құқықтарын, әділдік пен адам қадір-қасиетін қалпына келтіру жолында" тақырыбына арналды.
Бұл жай ғана сұхбат алаңы емес еді. Самарқан үш күн бойы жас парламентарийлер өз елдеріндегі тәжірибесімен және мәселелерімен бөлісетін, жаһандық проблемаларға ортақ шешім іздейтін, ең бастысы, оларды шешудегі жастардың жауапкершілігі мен рөлін айқындайтын маңызды халықаралық алаңға айналды.
Өзбекстан Президентінің конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтауы да жиынға ерекше саяси мазмұн берді. Онда жастардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету, тиімді бастамаларды қолдау және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған практикалық тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Өзбекстан Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева өз сөзінде бүгінгі таңда жастарға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін баса айтты. Яғни, жастар саясаттың нысаны емес, шешімдердің тең авторы болуы тиіс. Бұл жастарды талқылауларға ғана емес, сонымен қатар заңдарды, бюджеттік шешімдерді және мемлекеттік саясатты қалыптастыру процестеріне жүйелі түрде тартуды талап етеді.
Бұл тәсілдің мәні мынада: жастардың құқықтарын мойындаудың өзі жеткіліксіз. Олардың құқықтарын нақты мүмкіндіктерге айналдыру, саяси қатысуы үшін нақты тетіктер құру және қабылданған халықаралық құжаттарды ұлттық тәжірибеге тиімді енгізу қажет.
Ал көне Самарқан осы идеялардың тоғысқан нүктесі болды. Әртүрлі елдерден келген, тәжірибесі мен көзқарасы әртүрлі жас парламентшілерді адам үшін лайықты өмір, әділдік пен тұрақты болашақ құру сынды ортақ мақсат біріктірді.
ПАО Президенті Тулия Эксон жас парламентарийлердің адам құқықтарының бұзылуына ымырасыздық танытып, парламент мінберінен әділдік пен жауапкершілік мәселесін батыл көтеруі қажеттігін атап өтті. ПАО Бас хатшысы Анда Филип жастарды шешім қабылдау процестеріне кеңінен тарту тиімді саясатты әзірлеудің маңызды шарты екенін айтты.
БҰҰ Бас хатшысының жастар істері жөніндегі көмекшісі, БҰҰ Жастар бюросының басшысы Фелипе Паулер де Самарқан сұхбаттарының практикалық маңызын ерекше мойындады. Оның атап өтуінше, конференция түрлі буынның үздік идеялары мен тәжірибелерін біріктіріп, неғұрлым тиімді институттарды қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Конференцияның күн тәртібі де бүгінгі жастардың алдында тұрған мәселелердің ауқымын айқын көрсетті. Қақтығыстар жағдайында жастардың құқықтарын қорғау, цифрлық құқық пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, лайықты еңбек пен жұмыспен қамту, жастар мен әйелдердің саяси қатысуы, зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Талқылаулар барысында бір жайт ерекше көзге түсті: қазіргі әлемде жастар жаһандық өзгерістердің жай ғана бақылаушысы емес, осы процестердің қатысушысы әрі бастамашысы болуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, жастарды жұмыспен қамту сияқты мәселелер тек болашақ ұрпақтың ғана емес, бүгінгі саясаттың да күн тәртібіне айналуда.
Конференция аясында өткен ашық сұхбаттар мен панельдік талқылауларда парламенттер, БҰҰ, ПАО, азаматтық қоғам институттары мен сарапшылардың өкілдері, ал Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі парламенттердің қатысуына арналған арнайы сессияда заң шығарушы биліктің ұлттық даму мақсаттарын жүзеге асырудағы рөлі мен мүмкіндіктері талқыланды.
Конференция аясында Өзбекстан Сенаты мен халықаралық ұйымдар арасындағы сұхбаттар да жаңа бастамалар үшін маңызды негіз болды. Кездесулерде парламенттік дипломатияны күшейту, жастарды шешім қабылдау процестеріне кеңінен тарту, жастар парламенттерінің қызметін дамыту және халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейту мәселелері талқыланды.
Бұл үдеріс Өзбекстан мен Парламентаралық Одақ (ПО) арасындағы ынтымақтастықтың дәйекті дамып келе жатқанын көрсетті. 2025 жылы Ташкентте ПО-ның 150-мерекелік Ассамблеясының өтуі және еліміздің бірқатар беделді парламенттік іс-шараларды қабылдауы аталған ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды.
Самарқандағы конференцияның ең маңызды нәтижелерінің бірі – талқылаулардың нақты құжатқа айналуы болды. Анжуман соңында көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныстар мен бастамалар негізінде Самарқан жаһандық конференциясының қорытынды құжаты қабылданды.
Қорыта айтқанда, Самарқандағы үш күндік жаһандық үнқатысу жас парламентарийлердің басын қосумен ғана шектелген жоқ. Бұл жастардың саяси белсенділігіне, адам құқықтары мен әділеттілік мәселелеріне жаңаша көзқарас қалыптастыруға, ортақ мақсаттар аясында ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
[gallery-31263]
Нұргүл Әбдірайымова,
суретін түсірген Әлішер Исраилов, ӨзА