Президенттер стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті
Бұхара қаласында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелері қаралды.

Кездесу басында Мемлекет басшысы Қазақстан Президентін жаңа Конституция бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтады.

Өңірлерде тұрақты түрде бейресми кездесулер өткізу жақсы дәстүрге айналып, екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді ашық әрі сындарлы талқылауға мүмкіндік беріп отырғаны атап өтілді.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нақты нәтижелері жоғары бағаланды.

Барлық деңгейдегі байланыстар, соның ішінде үкіметаралық және парламентаралық ынтымақтастық жандана түсті.
Тауар айналымы тұрақты өсіп, өткен жылы 5 миллиард долларға жетті. Автомобиль жасау, инфрақұрылымды дамыту, логистика, электротехника, құрылыс материалдары және басқа да салалардағы кооперациялық жобалар табысты жүзеге асырылып келеді.

Химия, геология, энергетика, автокөлік бөлшектерін өндіру және басқа бағыттар бойынша бірқатар жаңа бастамалар қарастырылды.
Көлік және логистика саласында өзара байланысты дамытуға ерекше назар аударылды. Шекара маңы инфрақұрылымын жаңғырту, кедергілерді жою және сыртқы нарықтарға шығуды қамтамасыз ететін тиімді көлік дәліздерін қалыптастыру бойынша бірлескен шараларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ тараптар «Қамбарата» су электр станциясы құрылысы сияқты ірі өңірлік жобаларды жеделдету және «жасыл» энергия экспортын дамыту бастамаларын талқылады.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану және өңірлік экологиялық бастамаларды ілгерілету, соның ішінде шекаралас аумақтарда «Таза ауа» жобаларын жүзеге асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
Көшбасшылар инновациялық және жоғары технологиялық салаларда, атап айтқанда ғарыш технологиялары, цифрландыру, электрондық сауда және стартаптарды қолдау бағыттарында ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді.

Мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандыру, соның ішінде мәдениет күндерін, жастар форумдарын өткізу, креативті экономика мен туризм салаларындағы әріптестікті нығайту жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Мемлекет басшылары халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.
Кездесу барысында премьер-министр орынбасарларының сауда-экономикалық күн тәртібіндегі маңызды бағыттар, оның ішінде жақын болашақта өзара сауданы 10 миллиард долларға жеткізу шаралары жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Келіссөздер соңында үкіметтерге қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша «жол картасын» қабылдау тапсырылды.