Президент ұлттық мәдени мұраны әлемге танытуға бағытталған жобалармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев мәдениет пен өнерді дамытуға, ұлттық мұраны сақтауға және оны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған жобалар мен іс-шаралардың тұсаукесерімен танысты.
Алдымен беделді шетелдік музейлер мен көрме алаңдарында Өзбекстанның археологиялық және ғылыми мұрасы, сондай-ақ қолданбалы өнер туындыларын таныстыру жоспарлары қаралды.
Атап айтқанда, 2026 жылдың қыркүйегінде Дохадағы Ислам өнері музейінде «Uzbekistan: Heritage in Motion» көрмесін, ал қараша айында Миландағы Prada фонында алңында Өзбекстанның бірегей жәдігерлері қойылатын «Global Antiquity» халықаралық археологиялық көрмесін өткізу жоспарланған. 2027 жылы Венециядағы Палаццо Гримани мен Жапониядағы Нара ұлттық музейінде еліміздің қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейінгі тарихын бейнелейтін 200-ден астам археологиялық олжа таныстырылады. Миландағы Палаццо Реале сарайында алтын кесте, сьюзане, икат, зергерлік бұйымдар мен қолданбалы өнер туындыларынан тұратын 150-ден астам экспонат көрермен назарына ұсынылады.

Сондай-ақ Флоренцияда Әбу Әли ибн Синаның өмірі мен ғылыми мұрасына арналған көрме ұйымдастыру, Жапония, Ұлыбритания, Қытай, Сауд Арабиясы және басқа елдердің жетекші мәдени мекемелерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлары таныстырылды.
Таныстырылымда мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ұлы князь Николай Романов сарайында Өзбекстан мемлекеттік өнер музейінің филиалын ашу көзделіп отыр. Бұл ретте ғимараттың тарихи келбеті сақталып, 300-ге жуық экспонаттан тұратын тұрақты экспозиция жасақталады.
Мұхтор Ашрафидің үй-мұражайында ғимараттың қасбеті мен тарихи интерьері қалпына келтіріліп, экспозиция жаңартылуда. Мұражай заманауи инженерлік жүйелермен, қауіпсіздік және климаттық бақылау құралдарымен, мультимедиялық жабдықтармен, сондай-ақ дыбыс жазу студиясымен жабдықталады.

Сонымен қатар таныстырылым барысында «Тамерлано» операсын әлемнің беделді сахналарында қою және алдағы жоспарлар қаралды.
Биыл бұл шығарма Дубай операсында, Венадағы «Музикферайн», Санкт-Петербургтегі Мариинский театры және Версаль сарайының Корольдік опера сахнасында қойылды. Стефано Пода сахналаған операда Георг Фридрих Гендельдің музыкасы Кирилл Рихтердің өңдеуінде, өзбек ұлттық музыкалық аспаптарының сүйемелдеуімен орындалды. Жобаға Өзбекстанның Ұлттық симфониялық оркестрі, хор ұжымы, халық аспаптары оркестрі және белгілі солистер қатысты.
2027 жылдың наурыз айында «Тамерлано» операсын Нью-Йорктегі әйгілі «Карнеги-холл» концерт залында қою жоспарланып отыр. Бұл өзбек опера өнері мен ұлттық орындаушылық мектебінің әлеуетін халықаралық аудиторияға кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Өзбекстанда ірі концерттерді, фестивальдерді, байқаулар мен көрмелерді ұйымдастырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мәселесі қаралды. Осыған орай Мәдениет министрлігі жанындағы «Халықаралық фестивальдер дирекциясы» мемлекеттік мекемесінің негізінде Мәдениет және өнерді дамыту қорының қарамағында Мәдени жобалардың ұлттық операторын құру ұсынылды.
Жаңа оператор халықаралық ауқымдағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және оларды шетелде насихаттауға, танымал өнерпаздардың қатысуымен өтетін концерттердің тапсырыс берушісі ретінде жұмыс істеуге, сондай-ақ «Шығыс әуендері» халықаралық музыка фестивалін дайындауға жауапты болады.
Биыл 8 маусымда Самарқандтағы Регистан алаңында әйгілі әнші Джон Леджендтің концерті өтті. Тамыз айында Бейжіңдегі Ұлы Қытай қорғанында, қыркүйекте Самарқандтағы Регистан алаңында әлемге әйгілі пианист Ланг Лангтың, ал қазанда Ташкенттегі «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында композитор Макс Рихтердің концертін өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ биыл Венеция мен Миланда өткен ірі халықаралық мәдени іс-шараларға Өзбекстанның қатысу нәьижесі таныстырылды.
Венециядағы 61-ші халықаралық өнер биенналесінде Өзбекстан «The Aural Sea» жобасымен ұлттық павильонда қатысып отыр. Жоба Арал теңізі мен Қарақалпақстан тақырыбын естеліктер, аңыздар мен әңгімелер арқылы бейнелейді. Павильонды осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам адам тамашаласа, жобаға қатысты материалдардың жалпы медиа қамтуы 145 миллионнан асты.
Биеннале аясында Палаццо Кавалли-Франкеттиде өзбекстандық суретші Вячеслав Ахуновтың «Instruments of the Mind» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды. Онда суретшінің 1970 жылдардан бүгінге дейінгі 200-ден астам туындысы қойылған. Көрмені 30-дан астам елден келген 12 мыңнан астам адам тамашалады.
«Milan Design Week 2026» көрмесі аясындағы «Өрік гүлдегенде» ұлттық павильонында 12 халықаралық дизайнер мен Өзбекстан және Қарақалпақстаннан келген 12 қолөнершінің бірлескен жұмыстары ұсынылды. Өзбекстан павильоны «Fuorisalone Award 2026» байқауы қазылар алқасының арнайы марапатына ие болды. Оны 18 мыңнан астам адам көріп, жобаның халықаралық ақпараттық қамтуы 171 миллионға жетті.
Сонымен қатар Мәдениет және өнерді дамыту қорының 2026–2027 жылдарға арналған жобалары мен іс-шаралары талқыланды.
11–13 қыркүйек күндері Нөкіс қаласында Арал мәдениеті саммиті өтеді. Онда мәдениет, ғылым, сәулет, дизайн және экология саласының өкілдері Арал өңірін орнықты дамыту мәселелерін талқылайды. Ал 2027 жылдың қаңтарында Арал теңізі бассейнінің климаты мен ландшафтына арналған «Aral School» халықаралық бағдарламасының жаңа маусымы басталады.
Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық Үлкен театрының репертуарын жаңарту аясында Джакомо Пуччинидің «Турандат» операсы мен Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін жаңа интерпретацияда сахналау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға жетекші жергілікті және шетелдік режиссерлер, дирижерлер, хореографтар мен сахналау мамандары тартылады.
2027 жылғы Бұхара биенналесіне дайындық барысында мәдени мұра нысандарын реставрациялау, тарихи аумақтар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көрме алаңдарын әзірлеу көзделген. Биенналеге 50-ден астам шетелдік суретші мен дизайнер, сондай-ақ Өзбекстанның креативті индустрияларының 300-ден астам өкілі қатысады.
Бұдан бөлек, «Milan Design Week» және «Art Basel» көрмелеріне қатысу, «Art for Tomorrow» халықаралық форумын өткізу, Қатар музейлерімен қолөнер және дизайн саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Бұхарада көркем резиденция мен халықаралық зергерлік мектеп ашу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Мемлекет басшысы жобаларды жан-жақты әзірлеуді, реставрация жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды, ұлттық мазмұнды заманауи тәсілдермен үйлестіруді және халықаралық мәдени ынтымақтастықтың іскерлік нәтижесін арттыруды тапсырды.