Өзбекстан делегациясы Дүниежүзілік әйел парламентарийлер форумына қатысты
Өзбекстан Республикасының делегациясы Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында өткен Дүниежүзілік әйел парламентарийлер форумына қатысты.
Осынау форум аясында Өзбекстан делегациясының мүшелері бірқатар халықаралық диалог алаңдарында әйелдердің қоғам мен мемлекеттік басқарудағы рөлін арттыру, әйелдер көшбасшылығын қолдау, сондай-ақ бұл үдерістегі азаматтық қоғам мен жеке сектордың орны жөнінде пікір білдірді.
Сенаттың Жастар, қыз-келіншектер, мәдениет және спорт мәселелері комитетінің төрайымы Орзигүл Қозихонова мен Аграрлық, су шаруашылығы мәселелері және экология комитеті төрағасының орынбасары Сайёра Абдукаримова форум аясындағы параллель панельдік сессияларда баяндама жасады.

Делегация мүшелері Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, Моңғолия мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топ төрағасының орынбасары Ц. Мөнхбатпен кездесті.

Кездесу барысында Өзбекстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастарды нығайту, парламентаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ сауда-экономикалық, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар парламентаралық топтардың жұмысын жандандыру, салалық комитеттер арасында тұрақты диалог пен тәжірибе алмасуды жолға қою, сондай-ақ әйелдер мен жастарды қолдау, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасты.