Кураш бойынша XV әлем чемпионаты Астана қаласында өтеді
Таяу шығыстағы саяси жағдайға байланысты биыл 31 қаңтар – 5 ақпан аралығында Иранның Боджнурд қаласында ересектер арасында өтуі тиіс болған кураш бойынша XV әлем чемпионаты белгісіз мерзімге кейінге шегерілген еді.
Жуырда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық кураш қауымдастығының вице-президенті Зиёвиддин Хожиниёзов, IKA әкімшілігінің басшысы Мансур Мирзаев және Қазақстан кураш федерациясының президенті Андрей Боргенц қатысқан кездесуде аталған беделді жарысты Астана қаласында өткізу мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов кураш спорты бүгінде әлемде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі екенін атап өтіп, Қазақстан бұл чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге барлық мүмкіндік пен инфрақұрылымға ие екенін жеткізді.
Өз кезегінде Зиёвиддин Хожиниёзов қазақстандық спортшылардың халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін айтып, бұл елдегі жүйелі реформалардың жемісі екенін атап өтті.
Келісімге сәйкес, кураш бойынша ересектер арасындағы XV әлем чемпионаты биыл маусым айының соңында Астана қаласында өтеді.