Калифорнияда әлем чемпионатының фан-аймағы маңында атыс болып, бір адам көз жұмды
АҚШ-тың Калифорния штатында футболдан әлем чемпионаты жанкүйерлері жиналатын фан-аймақтың маңында болған атыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам ауыр жарақат алды.
Сан-Хосе полициясының мәліметінше, оқиға Сан-Педро алаңында болған. Бұл аумақ Сан-Франциско маңында әлем чемпионаты матчтары алып экрандар арқылы көрсетілетін негізгі орындардың бірі саналады.
Полиция дерегінше, атыс болған сәтте аталған жерде футбол матчының трансляциясы жүргізілмеген.
Ресми мәліметке сәйкес, зардап шеккендердің бірі оқиға орнында көз жұмған. Екінші азамат өміріне қауіп төнген жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Құқық қорғау органдары оқиғаны қасақана адам өлтіру дерегі бойынша тергеп жатыр. Оқиға болған аумақтың айналасындағы бірнеше көше уақытша жабылды.
Әзірге күдіктілер мен атыстың шығу себептері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.