Ирактағы жемқорлыққа қарсы күрес: экс-министрдің үйінен 20 миллион доллар мен 5 келі алтын тәркіленді
Ирак үкіметінің жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан күресі нақты нәтиже бере бастады. Жуырда ел парламенті депутаттарының бірінің үйінен бірнеше миллион АҚШ доллары, қымбат бағалы бұйымдар мен алтын әшекейлер табылған еді. Енді құқық қорғау органдары бұрынғы мұнай министрінің орынбасары әл-Жумайлидің үйінен желімге арналған пластик ыдысқа жасырылған шамамен 20 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша мен 5 келі алтынды тәркіледі.
Бұл операция сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік жобаларға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты тергеу аясында жүргізілді. Соңғы тінту жұмыстарынан кейін тәркіленген активтердің жалпы құны 120 миллион АҚШ долларына жеткен. Қолма-қол ақшадан бөлек, жылжымайтын мүлік, автокөліктер және алтын әшекейлер де мемлекет пайдасына тәркіленді.
Әл-Жумайли биыл маусым айында мұнай өңдеу зауыттарын салу жөніндегі келісімшарттарға қатысты жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған болатын. Ауқымды тергеу елдің премьер-министрі Аз-Зайдийдің бастамасымен қолға алынған жемқорлыққа қарсы науқан аясында жүргізіліп отыр. Осы уақытқа дейін ондаған лауазымды тұлға мен парламент мүшесі жауапкершілікке тартылған.