Өзбекстанда жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамтудың жаңа тетіктері енгізіледі
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев еліміздегі жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту мәселесіне арналған тұсаукесермен танысты.
2026 жылы республика жоғары оқу орындарын 320 мың студент тәмамдайды деп күтіліп отыр.
Кейінгі жылдары жастарды жоғары біліммен қамту ауқымының едәуір кеңеюіне байланысты еңбек нарығына шығатын түлектер саны да артып келеді.
Оларды жұмыспен қамтуда түлектермен жеке жұмыс жүргізу, экономиканың түрлі салаларындағы бос жұмыс орындарына бағыттау, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және жоғары оқу орындарындағы карьера орталықтарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды рөл атқарады.

Түлектердің кәсіпкерлік жобаларын жеңілдетілген шарттар негізінде қаржыландыруға арналған «Келешекке қадам» бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама аясында 2025 жылы 6 мыңнан астам жобаға 378 миллиард сум бөлініп, нәтижесінде шамамен 8 мың түлектің жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалған.
Таныстырылым барысында 2026 жылы 8 мыңнан астам жобаны қаржыландыру үшін 500 миллиард сум бағыттап, 10 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланып отырғаны айтылды.
Сондай-ақ бағдарламаны оған қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша қаржылық мүмкіндіктер беру арқылы кеңейту ұсынылды.
Бұдан бөлек, «TalabaExpo–2026» кәсіби көрмелерін жұмыс беруші ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілерін белсенді тарта отырып, республиканың өзге өңірлерінде де тиімді ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

Түлектерді жұмыспен қамтуда министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті әкімдіктер мен ірі шаруашылық бірлестіктерінің жауапкершілігін арттырудың маңыздылығы айтылды.
Барлық үдерістер жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін «career.edu.uz» платформасы арқылы бақылауға алынып, түлектерді жұмыспен қамту мәселесі жергілікті әкімдіктер деңгейіне дейін жеткізіледі. Соның нәтижесінде түлектермен жұмыстың тікелей әрі тиімді жүйесі қалыптастырылады.
Сонымен қатар студенттерді жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жоғары оқу орындары деңгейінде жүйелі ұйымдастыруға арналған жаңа тетіктер ұсынылды.
Атап айтқанда, барлық жоғары оқу орындарында карьера орталықтарының қызметі толық жолға қойылып, олардың тиімділігіне қарай ынталандыру шаралары енгізіледі. Орталықтардың жұмысы «Түлек сапасы индексі» арқылы бағаланып, ең жоғары нәтиже көрсеткен 20 жоғары оқу орнының карьера орталықтарына 500 миллион сумнан бөлінеді.
Биыл жоғары оқу орындары деңгейінде 360 еңбек жәрмеңкесі, факультеттер деңгейінде 750 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, сондай-ақ әр бағыт бойынша мыңнан астам жұмыс берушімен кездесулер ұйымдастырылады.

2026/2027 оқу жылынан бастап студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру және оларды бизнес жүргізу мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында барлық жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарында студенттердің стартап жобаларын қолдау, спин-офф кәсіпорындарға студенттерді тарту, кафедралардың өндірістік кәсіпорындарда филиалдарын ашу және дипломдық жобаларды жұмыс беруші мекемелерде қорғау тәжірибесін кеңейту жоспарланған.
Нақты тапсырыс пен оңтайлы бағдарламалар негізінде кадр даярлауға бағытталған мақсатты дуалды білім беру жүйесін енгізу бастамасы да көтерілді.
Бұл ретте талапкерлерді бағдарламаға қабылдау және оқу ақысының мөлшерін белгілеу жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасындағы өзара келісім негізінде жүзеге асады. Ал тапсырыс беруші тарап студент оқуын аяқтағаннан кейін оны жұмыспен қамтуға кепілдік береді.
Жиын барысында ұсынылған шараларды сапалы жүзеге асыруда жоғары оқу орындары басшылығының жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылып, олардың «KPI» көрсеткіштерінде түлектердің жұмыспен қамтылуы негізгі өлшемдердің бірі ретінде белгіленетіні атап өтілді.
Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға түлектермен жұмысты тиімді ұйымдастыру, ұсынылған бастамаларды жан-жақты пысықтау және қосымша жұмыс орындарын ашу үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдыру жөнінде тапсырмалар берді.