Өзбекстан БҰҰ-ның қылмыстың алдын алу және қылмыстық әділет жөніндегі комиссиясына сайланды
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесі сессиясы аясында өткен сайлау қорытындысы бойынша Өзбекстан Республикасы 2027–2029 жылдарға арналған БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық әділет жөніндегі комиссиясы мүшелігіне сайланды.
Аталған комиссия 1992 жылы Вена қаласында құрылған және ECOSOC жүйесіндегі негізгі үкіметаралық органдардың бірі болып саналады. Ол қылмыстың алдын алу, қылмыстық әділетті дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы жаһандық саясатты қалыптастырады. Комиссия 40 мемлекеттен тұрады және олар үш жыл мерзімге сайланады.
Сайлау үдерісі жоғары бәсекелестік жағдайында өтті. Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі 4 орын үшін Өзбекстанмен қатар Қытай, Жапония, Үндістан және Сауд Арабиясы елдері үміткер болды.
Сайлау қарсаңында Үндістан өз кандидатурасын қайтарып алғанымен, бәсекелестік жоғары деңгейде сақталды. Осындай жағдайда Өзбекстан кандидатурасы ECOSOC мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Атаулы комиссия құрамына сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы және Перу сияқты мемлекеттердің де сайлануы бұл органның жоғары беделі мен кең ауқымын көрсетеді.
Комиссиядағы мүшелік ел үшін бірқатар жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, қылмыстың алдын алу және трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрес бойынша халықаралық стандарттарды қалыптастыруға қатысу, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдармен практикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ ұлттық қылмыстық әділет жүйесін жетілдіру үшін сараптамалық және техникалық қолдау тартуға жол ашады.
Айта кетейік, Өзбекстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы комиссиясындағы үш жылдық мүшелігі 2027 жылғы 1 қаңтардан басталып, 2029 жылдың соңына дейін жалғасады.