«SpaceX» ғарышқа жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуді жоспарлап отыр
«SpaceX» компаниясы «Starship» ғарыш жүйесі арқылы орбитаға жеткізілетін жүк көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыру бастамасын көтерді.
Бұл туралы компания басшысы Илон Маск кезекті қаржылық есеп беру жиынында мәлімдеді.
Миллиардердің айтуынша, қазіргі уақытта «Falcon» зымыраны жылына шамамен 2 500 тонна жүкті орбитаға шығарады. Ал әлемдегі өзге бәсекелестердің жалпы көрсеткіші 300 тонна шамасында. Демек, Жерден ғарышқа жөнелтілетін жүктің 80–90 пайызы «SpaceX» компаниясының үлесіне тиесілі.
Кәсіпкердің сөзінше, «Starship» жобасының арқасында бұл көрсеткіш алдымен жылына 1 миллион тоннадан асырылады, кейіннен 10 миллион тонна межесіне жеткізіледі.
Айта кетейік, шілде айында өткен 13-сынақ ұшуы барысында ғарыш кемесі алғаш рет жүк бөлігінен 20 «Starlink V3» жасанды серігін сәтті шығарып, орналастырғаннан кейін Үнді мұхитына қонды. Алдағы уақытта бірнеше рет пайдалануға арналған «Starship» және «Super Heavy» жүйесі Жерге тік күйде қону мүмкіндігін қолдана отырып, Жер маңындағы төмен орбитаға ұшу, жасанды серіктерді ұшыру, сондай-ақ Айға, Марсқа және өзге де аспан денелеріне миссиялар орындауда кеңінен пайдаланылмақ.