Президент денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту жөніндегі жоспармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, жеке сектордың қатысуын кеңейту және ірі медициналық нысандар салу бойынша тұсаукесермен танысты.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында жалпы құны 2,7 миллиард доллар болатын 35 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Олар жаңа мамандандырылған орталықтар мен көпсалалы ауруханалар салуды, қолданыстағы медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді және жаңа буын мамандарын даярлауды қамтиды.
Жаңа медициналық мекемелер салу және қолданыстағыларын жаңғырту кезінде олардың орналасуы, қуаты мен көрсететін қызметтері халықтың қажеттіліктеріне сай болуы маңызды. Таныстырылымда инвестициялық жобаларды осы талаптарға сәйкес қалыптастыру, оларға жеке секторды тарту және медициналық мекемелерді басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу мәселелеріне назар аударылды.

Атап айтқанда, Ұлттық онкология орталығын, Республикалық неврология және инсульт орталығын, Ташкент облысында ересектерге арналған көпсалалы медициналық орталықты, Қашқадария облысында жаңа ауруханаларды және Нөкіс қаласында ана мен бала орталығын салу жоспарланған. Сонымен қатар Термез қаласында медициналық білім беру бағдарламаларын іске қосу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Самарқанд қаласында 800 орындық аурухана және Бұхара облысында көпсалалы медициналық мекеме құру көзделген.
Таныстырылымда осы жобалар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, жалпы құны 1 миллиард доллар болатын тоғыз перспективалы жоба бойынша ұсыныстар әзірленген. Олар неврология және инсульт қызметтерін, психикалық денсаулық пен наркология саласын, балалар онкологиясы мен гематологиясының инфрақұрылымын дамыту, жедел медициналық көмекті жетілдіру, оның автопаркін жаңарту және медицина кадрларын даярлау бағыттарын қамтиды.

Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту осы саланың инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарымен ұштастырылады. Осы негізде 2040 жылға дейінгі инвестициялық стратегия әзірлеу ұсынылды. Алдымен қолданыстағы жобалар түгенделіп, олардың өзектілігі мен іске асырылу мүмкіндіктері бағаланады. Одан кейін өңірлердің қажеттіліктеріне сай жобалар іріктеліп, олардың инвестициялық паспорттары мен бірыңғай портфелі қалыптастырылады. Стратегия жеке инвесторлармен, халықаралық қаржы институттарымен және донорлармен жұмыс істеудің басым бағыттарын айқындайды.
Медициналық мекемелердің жұмысына жеке секторды тартудың маңызды бағыттарының бірі – аутсорсинг. Келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа тәртіпке сәйкес, мекемелер жекелеген медициналық және қосалқы қызметтерді жеке ұйымдардан сатып ала алады. Бұл ретте қызмет көрсетушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, қызмет көлемі мен сапасын алдын ала белгілеу және нәтижелерді нақты өлшемдер негізінде бағалау ұсынылды. 2030 жылға қарай қызметтерді сатып алудағы аутсорсинг үлесін 30 пайызға жеткізу көзделген.
Бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Медициналық аутсорсинг» электрондық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Онда қызметтердің, орындаушылардың және келісімшарттардың бірыңғай тізілімі жүргізіліп, көрсетілген қызметтердің көлемі мен сапасы, сондай-ақ төлемдер қадағаланады. Жүйені мемлекеттік сатып алулармен байланыстыру да қарастырылған.

Ірі медициналық ұйымдарға кәсіби басқарушылар тарту мәселесі де талқыланды. Оларды ашық конкурс арқылы іріктеп, қызметін жыл сайын белгіленген нәтижелік көрсеткіштер бойынша бағалау көзделген. 2030 жылға дейін осындай басқару жүйесін бес ірі мекемеде жолға қою жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы салаға арналған инвестициялық стратегия мен ұсынылған жобаларды бас жоспар негізінде мұқият пысықтау және қолданыстағы жобаларды жеделдету жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.