Мемлекет басшысы төлемге қабілетсіздік институтын жетілдіру бойынша ұсыныстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев төлемге қабілетсіздік институтын жетілдіру және қаржылық қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлік субъектілерін сауықтыруға бағытталған жаңа тәсілдер жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Өзбекстанда жеке бизнесті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау және олар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде бүгінде 300 мыңнан астам жеке кәсіпкер мен 5,5 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат еңбек етуде. Ал жеке сектордың экономикадағы үлесі соңғы бес жылда 45 пайыздан 58 пайызға дейін артқан.

Биыл шағын және орта бизнеске 140 триллион сум көлемінде несие бөлу, банктер тартатын 8 миллиард доллар сыртқы ресурсты жергілікті кәсіпкерлікке бағыттау, сондай-ақ өндіріс, сауда және қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту үшін өңірлерге 20 триллион сум бөлу жоспарланған.
Сонымен қатар, құрылған кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтап қалу, қаржылық қиындыққа ұшыраған кәсіпкерлерді ерте кезеңде қолдау мәселесінде шешімін күткен түйткілдер бар екені атап өтілді.
Әсіресе, жұмыс істемейтін және қызметін тоқтатқан шағын кәсіпорындар санының артуы қазіргі жүйенің бизнесті сақтауға емес, көбіне оны ресми түрде жабуға бағытталғанын көрсетеді.
Алдымен, төлемге қабілетсіздік рәсімдерінің жеткілікті деңгейде қолданылмай отырғаны да айтылды. Қаржылық жағдайы қиындаған 93 мың кәсіпкердің тек 10 мыңы бойынша ғана тиісті іс қозғалған. Сотқа дейінгі және сот санациясы тетіктері де тиімді жұмыс істемей отыр. Соңғы бес жылда бар болғаны 68 кәсіпорынға санация қолданылып, соның ішінде тек 7 кәсіпорын ғана қызметін қайта жандандырған.

Сот басқарушыларының қызметі де сынға алынды. Бірқатар жағдайда іс жүргізу мерзімдерінің бұзылуы, негізсіз қорытындылардың берілуі және жалған банкроттық белгілерін дер кезінде анықтау тетігінің әлсіздігі атап өтілді. Сонымен бірге, еңбекақы төлеу жүйесіндегі кемшіліктер білікті мамандарды тартуға кедергі келтіріп, кей жағдайларда істердің жасанды түрде созылуына себеп болып отырғаны айтылды.
Бұдан бөлек, саланың жеткілікті деңгейде цифрландырылмағаны, онлайн мониторинг пен бақылаудың жоқтығы, банкрот немесе төлемге қабілетсіз кәсіпорындардың ашық тізілімінің болмауы, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасудың әлсіздігі де назарға алынды.
Осыған байланысты саладағы мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру үшін жаңа институционалдық тәсілдер ұсынылды.
Атап айтқанда, Әділет министрлігі жанынан Төлемге қабілетсіздік істері жөніндегі агенттік құру ұсынылды. Бұл құрылым салада бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, банкроттық факторларын талдау және олардың алдын алу, сондай-ақ кәсіпорындарды қаржылық сауықтыруға жәрдемдесу жұмыстарын жүзеге асыратын болады.

Сот басқарушылары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Сот басқарушылары палатасын құру ұсынылды. Бұл палата сот басқарушыларының жұмысын үйлестіріп, олардың кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, заңнама мен кәсіби этика талаптарының сақталуын қадағалайды, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.
Қаржылық қиын жағдайға тап болған бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған жаңа қаржылық тетіктер де таныстырылды.
Атап айтқанда, шағын және орта бизнес үшін Бизнеске кепілдік беру ұлттық компаниясы арқылы кепілдік ұсыну, сондай-ақ Кәсіпкерлікті дамыту компаниясы арқылы коммерциялық банктерде төмен пайызды несие желілерін ашу арқылы кәсіпорындарды қаржылық сауықтыруға жәрдем көрсету жоспарланып отыр.
Бұл ретте коммерциялық банктер бөлген несиелер бойынша негізгі қарыз бен пайыздар санация аяқталғанға дейін кейінге шегеріледі, ал қарыз санациядан кейін үш жыл ішінде қайтарылады. Сонымен қатар, несиелік берешекті қайта құрылымдау тетіктері енгізіледі.
Салық және несиелік берешектерді кейінге қалдыру мен қайта құрылымдау рәсімдерін жеңілдетуге де ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, халық депутаттарының аудандық және қалалық кеңестері жекелеген салықтар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге рұқсат бере алады. Мұндай тетіктер кепіл, банк кепілдігі немесе сақтандыру полисі негізінде салық органдары тарапынан да қолданылуы мүмкін.
Мемлекеттік қолдау аясында сотқа дейінгі санация шаралары да кеңейтіледі. Бұл ретте кредиторлармен келісімге келу, қаржылық көмек тарту, салық және несие төлемдерін кейінге қалдыру, қарыздарды сатып алу, өндірісті қайта бейіндеу, кәсіпорынды қайта ұйымдастыру, білікті мамандарды тарту және қызметкерлерді қайта даярлау сияқты құралдарды пайдалану мүмкін болады.
Таныстырылымда төлемге қабілетсіздік процестерін цифрландыру мәселесіне де ерекше мән берілді.
Осыған орай төлемге қабілетсіздік істерін жүргізудің бірыңғай электрондық платформасын іске қосу ұсынылды. Бұл платформада төлемге қабілетсіз тұлғалар, санация қолданылып жатқан кәсіпорындар және сот басқарушыларының тізілімдері жүргізіледі. Барлық процестер — өтініш беруден бастап кәсіпорынды таратуға дейін — электронды форматта жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жүйе қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық болады.
Бұл жаңашылдықтар саладағы ашықтықты арттырып, ақпарат алмасуды жеделдетуге, бақылау мен мониторингті күшейтуге, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауда тек жаңа кәсіпорындар ашумен шектелмей, жұмыс істеп тұрған бизнесті сақтап қалу, уақытша қиындыққа тап болған кәсіпорындарға дер кезінде қолдау көрсету және оларды қайтадан экономикалық белсенділікке тарту қажеттігін атап өтті.
Жауапты тұлғаларға төлемге қабілетсіздік институтын халықаралық тәжірибе негізінде түбегейлі жетілдіру, салаға заманауи басқару тәсілдерін, тиімді санация механизмдерін және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.