Мемлекет басшысы ұстаздар мен жаттықтырушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады
Президент Шавкат Мирзиёев Ұстаздар мен жаттықтырушылар күні қарсаңында педагогтермен кездесті.
Мемлекет басшысы барша ұстаздар мен жаттықтырушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы сөз айтты.
– Мұғалім – мейірім дариясы, мұғалім – ізгілік бұлағы, мұғалім – ағартушылықтың шуағы! – деді Президент.



Бүгінде жасанды интеллект білім алу мен еңбек ету тәсілдерін өзгертіп жатыр. Алайда ешбір технология баланың жүрегіне ұстаздай жол тауып, оның бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін сіңіре алмайды. Осы орайда Мемлекет басшысы өмірін жас ұрпақтың кемелденуіне арнаған педагогтерге алғыс білдірді.
Кездесуде білім беру мен ғылым саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында ұстаздармен бірге білім беруді дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестер де бар. Сонымен қатар білім берудің барлық деңгейіндегі үздік педагогтерге арналған Абдулла Авлони атындағы арнайы мемлекеттік награда тағайындау және оның алғашқы иегерлерін келесі жылғы мереке қарсаңында марапаттау ұсынылды.
Президент білім беруді дамыту Жаңа Өзбекстанды құрудың ең маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Соңғы он жылда 1 миллион 800 мың орындық балабақшалар мен 1,5 миллион орындық мектептер салынды, 10 мыңнан астам білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай жаңартылды. Сонымен бірге білім беру саласында ғимараттардан да маңызды мәселе – оқыту мазмұны мен сапасы екені айтылды.



– Біз балаларымызды мақта алқаптарынан мектеп партасына, мұғалімдерді білім беру үдерісіне қайтардық, – деді Мемлекет басшысы.
Осы мақсатта 2018 жылдан бастап жаңа буын оқулықтарын әзірлеу қолға алынған болатын. Шетелдік тәжірибе зерделеніп, 8-сыныпқа дейінгі оқулықтар жаңартылды. Тек биылдың өзінде 400-ден астам маманның қатысуымен 324 оқулық қайта өңделді. Олар балалардың бойында ұлттық құндылықтарды құрметтеу, табиғатқа жауапкершілікпен қарау, цифрлық және қаржылық сауаттылықпен қатар, өз бетінше және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. 2030 жылға дейін жоғары сыныптарға арналған оқулықтарды жаңарту жұмыстары да аяқталады.
Реформалардың нәтижесі оқушылардың жетістіктерінен көрініс табуда. PISA халықаралық бағалауында 15 жастағы оқушылар жаратылыстану ғылымдары бойынша 32 сатыға көтеріліп, 48-орынға ие болды. Биылдың өзінде жастар беделді олимпиадаларда 228 медаль жеңіп алды. Мектепте оқып жүрген кезінде шет тілдері мен пәндер бойынша сертификат алған оқушылар саны 100 мыңға жетті.



Педагогтерді қолдау да өз нәтижесін беріп келеді. Халықаралық және ұлттық сертификаттары бар мұғалімдердің саны бес жылда 29 мыңнан 143 мыңға дейін өсті, мектептердегі мұғалім тапшылығы үш есе азайды. Қазір 40 мың мұғалім айына 1 мың доллардан, тағы 1,5 мың педагог 2 мың доллардан астам жалақы алады. «Жыл мұғалімі» байқауына балабақша тәрбиешілері мен техникум шеберлерін де қосу ұсынылды.
Алдағы міндеттерге тоқталған Президент мектеп түлегі үлкен өмірге белгілі бір кәсіпті меңгеріп, шет тілін білетін маман ретінде қадам басуы керектігін атап өтті. Мектеп директорларына осы бағытта қосымша өкілеттіктер беріледі, ал ынтымақтастыққа дайын кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасалады. Жастарды мектеп қабырғасынан бастап кәсіпке даярлау және білім беру сатылары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылып, үш ай ішінде жаңа шешімдер жарияланады.
Экономиканың технологиялық дамуы үшін математика, физика, химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Оқушы саны 25-тен асатын сыныптарда бұл пәндер екі топқа бөлініп оқытылады. Ұлттық сертификаты бар мұғалімдерге 50 пайыз үстемеақы төленеді, жыл сайын 208 аудан мен қаладағы үздік педагогтер марапатталады, мың мұғалім шетелде тағылымдамадан өтеді. Олимпиада жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға бірден жоғары санатты біліктілік беріледі.



Бастауыш сынып оқушылары үшін де пәндік олимпиадалар ұйымдастырылады. Келесі жылдан бастап 4-сынып оқушылары арасындағы байқау жеңімпаздары компьютермен, ал олардың ұстаздары байқау кезеңіне қарай ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жаңа оқу жылынан бастап 100 мектептің жекелеген сыныптарында математика, информатика және жаратылыстану пәндері толығымен ағылшын тілінде оқытылады. Осы жобаға қатысатын мұғалімдер мен мектепке даярлық топтарының педагогтеріне 100 пайыз үстемеақы белгіленеді.
Мектептердің жұмысын бағалау үшін «сапа индексі» енгізіледі. Білім беру нәтижелері мен педагогтердің әлеуетіне қарай оқу орындары санаттарға бөлінеді. Үздік мектептер өз тәжірибесі арқылы басқа мектептердің де жоғары санатқа өтуіне көмектессе, олардың педагогикалық ұжымына 30 пайыз үстемеақы төленеді. Ал мұғалімдердің біліктілігін арттыруда міндетті бір айлық курстардың орнына кәсіби даму ваучерлері беріледі. Педагогтер өз нәтижелеріне қарай ұзақтығы 18 сағаттан 72 сағатқа дейінгі оқу бағдарламасын өздері таңдай алады.
Оқушы орындарына сұраныстың артуына байланысты жекеменшік мектептерді қолдау шаралары да жарияланды. Оқу жүктемесі жоғары 52 ауданда осындай мектептер ашу үшін жеңілдетілген кредиттер мен субсидиялар бөлінеді. Бос тұрған мемлекеттік ғимараттар жекеменшік мектептерге он жылға тегін жалға беріледі, халықаралық аккредиттеу шығындарының жартысы өтеледі. Балалары жекеменшік мектепте оқитын ата-аналар үшін салық салынбайтын табыс шегі екі есе ұлғайтылады.



Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құрдастарымен бірге білім алуына да баса назар аударылады. Соңғы екі жылда инклюзивті білім беру жағдайы жасалған мектептердің саны бес есеге жуық өсіп, 3 591-ге жетті. Ташкентте жұмысын бастаған көпфункционалды инклюзивті ресурстық мектептің тәжірибесі жыл соңына дейін Хорезм, Жызақ және Самарқанд облыстарында, ал алдағы екі жылда еліміздің барлық өңірінде енгізіледі.
Мектепке дейінгі білім беру саласында балабақша баланың қабілеті ашылатын ортаға айналуы керектігі атап өтілді. Шетелдің озық тәжірибесі негізінде әзірленген, ойын арқылы оқытуға бағытталған бағдарлама бойынша 180 мың тәрбиеші мен педагог білім алып жатыр. Жыл соңына дейін бағдарлама 38 мыңнан астам балабақшаның барлығына енгізіледі. Ташкентте ЮНЕСКО қамқорлығындағы өңірлік орталық пен Италияның Реджио-Эмилия орталығының жұмысы жолға қойылды. Мемлекеттік балабақшаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үш жылдық бағдарлама аясында жүзеге асырылады.
Жұмыс істейтін аналарды қолдау мақсатында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 2–3 жастағы баласын отбасылық балабақшаға берген әйелдердің төлемақысы бюджет есебінен өтеледі. Тәрбиешілердің жұмысын жалғастыра отырып, жоғары білім алу мүмкіндігі кеңейтіледі. Келесі оқу жылынан бастап педагогикалық жоғары оқу орындарында олар үшін оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға қысқарады. Бұл мүмкіндікті балабақшада кемінде бес жыл еңбек еткен тәрбиеші көмекшілері де пайдалана алады.



Кәсіптік білім беру саласында соңғы екі жылда 104 техникумға халықаралық бағдарламалар енгізілді. Техникумдардың 25 мың кәсіпорынмен ынтымақтастығы 100 мыңнан астам жастың оқумен қатар табыс табуына мүмкіндік берді. Дуальды білім беру жүйесінде кәсіп үйреніп жүргендерге 1 миллион 300 мың сумға дейін шәкіртақы төленеді. Келесі жылдан бастап халықаралық кәсіптік сертификаты бар шеберлерге 50 пайыз үстемеақы беріледі. Сондай-ақ жыл сайын 500 шебер шетелде тағылымдамадан өтеді.
Алғаш рет ұйымдастырылған «Жаңа Өзбекстан жасампаздары» кәсіптік байқауына 170 мың оқушы қатысты. Байқау жыл сайын өткізіліп, үздік қатысушылар 2028 жылы Токиода өтетін кәсіптік шеберлік бойынша әлем чемпионатына дайындалады. Жеке техникумдар ашу үшін салық және жер мәселелері бойынша жеңілдіктер беріледі. Маңызды салаларға маман даярлайтын мұндай оқу орындары студенттерінің жартысы мемлекеттік грантпен қамтылады. Сонымен қатар халықаралық бағдарламаларды енгізу мен зертханаларды жабдықтауға қолдау көрсетіледі.
Жоғары білім туралы айтқанда, еліміздегі студенттер саны 1 миллион 600 мыңға жеткені, жеті жоғары оқу орнының 17 пән бойынша халықаралық рейтингтерге енгені атап өтілді. Сонымен бірге Президент университеттердегі оқулықтардың мазмұны мен мамандар даярлау сапасы бүгінгі талапқа толық жауап бермейтінін сынға алды. Инженерлік және медициналық жоғары оқу орындары заманауи бағыттар бойынша жаңа оқу әдебиеттерін әзірлеуді, шетелдің озық оқулықтарын аударып, бейімдеу жұмыстарын күшейтуі қажет.



Ректорлардың білім сапасы мен нәтижесіне қатысты жауапкершілігі артады. Мемлекеттік университеттердің байқау кеңестері мүшелерінің үштен екісі жеке сектор мен шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерінен жасақталады. Кеңестер оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай қайта қарайды әрі жыл сайын кемінде 50 оқулық әзірлейді. Дипломдық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер экономика салаларындағы практикалық мәселелерді шешуге бағытталады.
Жоғары оқу орындарында халықаралық стандарттарға негізделген, әлемде мойындалған ұлттық бағдарламаларды кеңейту міндеті жүктелді. Инха және Сәулет университеттерінің тәжірибесі келесі жылдан бастап тағы 20 жоғары оқу орнында енгізіледі. Ол үшін оқу орындарының басқару жүйесі бейімделіп, халықаралық бағдарламалармен жұмыс істейтін арнайы құрылымдар құрылады.
Кездесуде жоғары білім беру саласында «кәсіпорын – жоғары оқу орны – мақсатты маман» қағидаты негізінде дуальды оқытуды дамыту жөніндегі қабылданған шешім де талқыланды. Жүйе келесі жылдан бастап 75 жоғары оқу орнында, ал 2028 жылдан бастап барлық жоғары оқу орнында іске қосылады. Кәсіпорындар өз қажеттілігіне сай мамандарды даярлауға тапсырыс беріп, үміткерлер оқуға әңгімелесу арқылы қабылданады. Жұмысқа алынған студентке төленетін жалақының жартысын мемлекет өтейді. Ал жұмыс пен оқуда жақсы нәтиже көрсеткен жастар екінші курстан бастап мемлекеттік грант негізінде білім алады.



Сонымен қатар кәсіпорындардан студенттерге тәлімгер болып бекітілген мамандарға ынталандыру шаралары қарастырылады. Қажет болған жағдайда студенттердің пәтерақысы да өтеледі. Дуальды білім беруді үлгілі ұйымдастырған жоғары оқу орындары мен серіктес кәсіпорындарға сыйақы беріледі. Жоғары оқу орны алған сыйақының жартысы осы іске үлес қосқан педагогтер ұжымына бағытталады.
Мемлекет басшысы әлемдегі ең үздік 300 университеттің филиалдарын елімізге тарту міндетін де айқындап берді. Беделді университеттердің франшизасын елге әкелген жеке жоғары оқу орындарының зертхана, жабдық, бренд және кампусқа қатысты шығындарының бір бөлігі өтеледі. Инженерия, ауыл және су шаруашылығы, энергетика, жасанды интеллект пен медицина бағыттарына басымдық беріледі.



Кездесу барысында педагогтердің ұсыныстары мен бастамалары тыңдалды. Жиын соңында Президент ұстаздарды кәсіби мерекесімен тағы да құттықтап, шәкірттерінің жетістігі, ата-аналардың ақ батасы мен ел-жұрттың құрметі әрдайым серік болуын тіледі.
– Ұстазды қадірлеу дегеніміз – бір кәсіп иесін ғана емес, тұтас ұлттың болашағын қадірлеу, – деді Мемлекет басшысы.
